«Жоғары сапалы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, инфрақұрылым, жаңа жұмыс орындарын құру – мемлекет бүгінде осы мәселелермен айналысу керек» – Қ.Келімбетов.
Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың айырмашылығы неде, біз қандай басымдықтар туралы айтып отырмыз, олар елге қалай әсер етеді және олар қалай жүзеге асады? Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаевпен сұхбатында осы және басқа да көптеген мәселелер туралы сөз қозғады.
Сұхбаттың толық нұсқасымен осы сілтеме арқылы таныса аласыз, ал біз Қ.Келімбетовтің сөз сөйлеуінен негізгі ойларды назарға ұсынамыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына үндеу жолдады, онда ол Үкіметтің алдына мемлекеттік секторды қайта ретке келтіру жөнінде маңызды міндет қойды, оның ішінде күрделі мемлекеттік бағдарламалардан қазіргі заманғы ұлттық жобаларға көшу міндетін жүктеді. Ұлттық жобаларды құруға негіз болған құжат – «Қазақстан-2050» Стратегиясы, одан орта мерзімді және қысқа мерзімді құжаттар бастау алады.
Мемлекет басшысы анықтағандай, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудің маңызды принциптерінің бірі «естуші мемлекет» моделі болмақ. Мемлекет өз іс-әрекетінде қоғамдық игіліктерді құруға шоғырлануы қажет. Жоғары сапалы білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, инфрақұрылым, жаңа жұмыс орындарын құру – мемлекет бүгінде осы мәселелермен айналысу керек.
Мемлекеттік бағдарламалар белгілі бір кезеңде маңызды рөл атқарды және жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Бірақ қол жеткізілген мақсаттардың дамуын тұжырымдамалық түрде жалғастыру үшін оларды жетілдіру қажет. Мемлекеттік бағдарламаларда бекітілген озық тәжірибелер кейін ұлттық жобалардың ажырамас бөлігіне айналды.
Қазіргі жаһандық экономикалық өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесіне әсер етті. Біріншіден, 2020 жылы болған шикізат құнсыздануы экономиканы көміртексіздендіру қажеттілігін айқын көрсетті. Екіншіден, цифрландырудың дамуы мемлекет пен халықтың өзара әрекеттесу процесін түбегейлі өзгертті. Үшіншіден, коронавирустық пандемия білім мен денсаулық сақтау жүйесінің қандай болуы керектігін нақты көрсетті. Қазіргі таңда бүкіл әлем жобалық басқаруға көшуде, онда барлық жобалар өлшенімді, қолжетімді, нақты әрі белгілі бір мерзімінің бар болуымен сипатталады.
Мемлекеттік бағдарламалар ведомстволық сипатта болды. Яғни, әр бөлім өзінің мемлекеттік бағдарламасының болуына бейімделді және тек соның шеңберіндегі міндеттерді орындауға шоғырланды. Біз идеологияны өзгерттік: енді мемлекеттік органдарды үлкен мақсат біріктіреді. Мысалы, «Салауатты ұлт» ұлттық жобасы денсаулық сақтауды дамытуды ғана емес, сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы білікті мамандарды дайындауды, мәдениет пен спортты дамытуды көздейді.
Біз 10 ұлттық жобаны құрдық, онда 200-ден астам көрсеткіштен тұратын 9 мега-индикаторды анықтадық. Әрбір көрсеткіш белгілі бір бөлімге жүктеледі және ол сол көрсеткішке қол жеткізуге жауапты. Мемлекеттік басқарудың айқын және сөзсіз түсінікті жүйесі қалыптасты. Мысалы, өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту – ұлттық жоба көрсеткіштерінің бірі. Барлық Үкімет осы тапсырмамен жұмыс істейтін болады, және әрбір мемлекеттік органға белгілі бір көрсеткіш тағайындалады.
Ұлттық жобалардың алдын ала тізімі 2021 жылдың қаңтарында бекітілді. Содан кейін, «НұрОтан» партиясын дамытудың Жол картасы мен Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары дайындалып жатқан кезде, сараптаманы қалыптастыру мақсатында халықаралық және отандық сарапшылар тартылды, олар Дүниежүзілік банк пен «Үлкен Төрттік» компаниялары. Сонымен қатар, Халықаралық валюта қорының, Еуропалық даму және қайта құру банкінің ескертулері мен ұсыныстары ескерілді. Біз Парламент депутаттарына да жүгіндік. Олардың барлық ұсыныстары ұлттық жобаларға негіз болды.
Цифрлық үкімет кеңсесі құрылды. Енді, әрбір қазақстандық мемлекеттің KPI көрсеткіштеріне жету үшін қалай жұмыс жасап жатқанын тұрақты түрде көре алатын болады. Ағымдағы көрсеткіштерді талқылау жүйелі түрде болады – аптасына бір рет министрлер/вице-министрлер деңгейінде, екі аптада бір рет вице-премьер министрлер деңгейінде, айына бір рет премьер-министр деңгейінде жүзеге асырылады.
Ұлттық жобаларды іске асырудың тиімділігін бағалау жүйесі де өзгереді. Әрбір ұлттық жоба үшін оны жүзеге асырудың нәтижесі халықтың өмір сүру сапасына әсер етуімен бағаланады. Мемлекеттің мақсаты – өлшенімді көрсеткішке жету ғана емес, қолайлы әлеуметтік нәтиже беру.
Сондай-ақ, ұлттық жобаларды іске асыруға бөлінген қаржының тиімді пайдаланылуын бақылау үшін комиссиялар құрылады. Қаржыландырудың үш көзі белгіленеді. Біріншісі – республикалық бюджет, оның қаржысы міндетті әлеуметтік маңызды салаларға бағытталады. Бұған білім, денсаулық сақтау, қуатты өңірлер, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобалары кіреді. Екінші қаржыландыру көзі – жергілікті бюджеттің қаражаты, ол да негізінен әлеуметтік маңызды салаларға бағытталады. Үшіншісі – инвестиция. Бұл ретте қаражаттың 80%-ы инвестиция арқылы тартылатын болады.