2021 жылғы қазан айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудың кешенді бағдарламасы болып табылатын 10 ұлттық жобаны бекітті. 1 қаңтардан бастап мемлекет жауапты ведомстволық органдармен бірге оларды жүзеге асыруға кіріседі.
Ұлттық жобалар қалай жүзеге асады, қаражатты бақылау қалай іске асырылады және ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың айырмашылығы неде – finreview.kz сарапшыларына осы және басқа да өзекті сұрақтарға ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Нұрсұлтан Серікбай жауап берді.
Ұлттық жобалар – мемлекеттік басқаруды «қайта ретке келтіру»
Ең басты сұрақтан бастасақ – ұлттық жобалар дегеніміз не және мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшу неліктен маңызды?
Қазақстанда жаңа Мемлекеттік жоспарлау жүйесі 2021 жылғы ақпан айында қабылданды. Ол Мемлекет басшысы бастаған реформаларды жүзеге асыру үшін институционалдық негіз құруға мүмкіндік берді. Жүйенің бірінші сатысында «Қазақстан-2050» Стратегиясы – әлемнің дамыған ТОП-30 елінің қатарына кіруді нақты мақсат еткен мемлекеттің «темірқазығы» тұр. Стратегияны сонау 2012 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынғанына қарамастан, көптеген бағыттардың бүгінгі күні өзектілігі сақталуда.
Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнде елiмiздiң таяу жылдарда қалай дамитынын айқындайтын орта мерзiмдi кезеңге арналған басымдықтар жеткіліксіз болды. Бұл басымдықтар, атап айтқанда, үш негізгі бағыт бойынша он Ұлттық басымдықтар ағымдағы жылдың ақпан айында ұсынылды. Олар Қазақстанның 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары мен Ұлттық қауіпсіздік стратегиясына негізделген.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің екінші сатысына даму тұжырымдамасы мен ұлттық жобалар кіреді. Ұлттық жобалар – бұл уақыт ағымының айнасы және Қазақстан азаматтарының өмірі мен әл-ауқатын жақсарту басты мақсаты болып табылатын стратегиялық құжаттар.
Олар «Қазақстан-2050» стратегиясының, Ұлттық басымдықтар мен Ұлттық даму жоспарының негізгі көрсеткіштерін біріктіреді, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы іс-шараларды және ел басшылығының басқа да маңызды тапсырмаларын ескереді. Әрбір ұлттық жоба бұрыннан бар мәселелерді сапалы шешуге, сондай-ақ, «жалпыхалықтық» көзқарасқа сәйкес негізгі салаларды одан әрі дамытуға бағытталған. Яғни, біз алғаш рет мемлекеттік органдардың өз функционалдық міндеттерін орындау векторынан ортақ мемлекеттік міндеттерді орындау мақсатында басқа мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жүргізу форматына көшіруге тырыстық.
Мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға тиімді өзгерту іске асты ма, мемлекеттік тапсырмалардың қайталануын болдырмау жүзеге асты ма?
Ең алдымен, мемлекеттік бағдарламалар оң нәтижелерімен ел тарихында өз орнын алатынына кәміл сенетінімді атап өткім келеді. «НұрлыЖол», «НұрлыЖер» сияқты бірқатар бағдарламалар, индустрияландыру бағдарламалары Қазақстанға сапалы экономикалық серпіліс жасауға мүмкіндік берді – жүздеген мың жұмыс орны ашылды, тұрғын үй жағдайлары жақсарды, көлік қатынасы қамтамасыз етілді.
Әрине, өзіндік қиындықтары да болды, мысалы, қаржыландыру жағынан, бағдарламалардың күрделілігі, жеке жауапкершіліктің жоқтығы, нәтижелік көрсеткіштердің шамадан тыс көптігі.
Сондықтан ұлттық жобаларды әзірлеу кезінде олардың ықшам болуы өлшемшарттардың бірі болды. Барлығы 230-ға жуық көрсеткіш пен 9 елдік мегаиндикатор анықталды. Мысалы, өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту, аймақтар арасындағы алшақтықты азайту, халықты негізгі қызметтермен 100 пайыз қамту, 1 миллионнан астам жұмыс орнын құру.
Ұлттық жобалар мен мемлекеттік бағдарламалардың келесі айырмашылығы – айқын жеке жауапкершілік. Әрбір ұлттық жоба бойынша тікелей жауапкершілік тиісті министрге жүктеледі. Сонымен бірге, кейбір тапсырмаларды орындау үшін басқа ведомстволардың қатысуы қарастырылған, олардың жауапкершілігі де нақты көрсетілген. Бүкіл процесті Премьер-Министрдің орынбасары қадағалайды. Демек, ұлттық жобалардың қабылдануы барысында мемлекеттік органдардың көрсеткіштері мен жауапкершілігі нақты айқындалды.
Үшінші айырмашылық – қаржылай толық қамтамасыз етілуі. Мемлекеттік бағдарламалар жеткіліксіз қаржыландыру мәселесіне тап болды. Біз осындай жағдайдың орын алмауына қол жеткіздік. Ұлттық жобаларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік бюджеттен шығындар елдің үш жылдық бюджетінде қарастырылған. Бюджеттен тыс қаражаттар да есептелді – олар бүгінде мемлекеттік органдармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан инвестициялық жобалар аясында тартылады.
Төртінші ерекшелік – AGILE құрылымы. Пандемия және оның салдары мүмкіндігінше шешімдерді тез қабылдау, дұрыс әрекет ету және ықтимал өзгерістерді алдын ала болжау қажеттілігін көрсетті. Ұлттық жобалар құрылымы бойынша қажетті өзгерістерді барынша жылдам бейімдеуге мүмкіндік береді.
Ұлттық жобалар мемлекеттік аппаратты нәтижеге жетуге бағыттайды
Ұлттық жобаларды жүзеге асыру тетіктері бұрынғы мемлекеттік тапсырмаларды жүзеге асыру тетіктерінен қалай өзгереді?
Ұлттық жобалардың қабылдануымен мемлекеттік органдар әдістемелік, ал кейбір жағдайларда тіпті психологиялық тұрғыда бағдарламалық-мақсатты жоспарлаудың ауыр жүйелерінен алшақтайтын болады. Ұлттық жобалар мемлекеттік аппаратты азаматтардың өмір сүру сапасына әсерін бағалай отырып, мүмкіндігінше елдік деңгейдегі нәтижелерге жетуге бағыттайды.
Ұлттық жобалық кеңсе мен реформалар мониторингінің Ұлттық талдау орталығынан құралатын «цифрлық Үкімет» кеңсесі құрылды. Бұл орталықтар жобаларды басқару және нәтижелерді басқару тәсілдеріне негізделген әдістемелік көшуді қолдайтын болады.
Неліктен қазақстандық ұлттық жобалар шетелдіктерге ұқсас?
Барлық ұлттық жобалар – біздің мемлекеттік аппаратымыз өндіріп, қоғамда тиімді таратуға тиіс негізгі қоғамдық игілік. Дәл осындай міндеттер әлемнің әрбір мемлекетінің алдында тұр, бұл жаңалық емес. Мәселен, «Жасыл Қазақстан», «Қауіпсіз ел» жобалары – қоғамның жүйелі сұраныстарына мемлекеттің тікелей жауабы. Бұл жобалар бір сәттік емес, нақты белгіленген және қоғамдық мүдделердің теңгерімі аясында.
Денсаулық сақтау саласына қатысты – пандемия кезінде медицина ғана емес, қазақстандықтардың өз денсаулығына деген көзқарасы да түзетулерді қажет ететіні белгілі болды. Ұлттың өсіп-өркендеуінің басты мәселесі болып табылатын білім беру саласын естен шығаруға болмайды. Елімізде қазірдің өзінде мектепке баратын балалардың саны өте көп және олар жақсы мектепте білім алуды қажет етеді, онсыз қоғамды немесе экономиканы дамытуға арналған кез келген бағдарламаларды жүзеге асыру әлдеқайда қиын болады.
Жалпы алғанда, мемлекеттің барлық бастамалары ұлттық жобаларда топтастырылып, құрылымдалған.
Ұлттық жобаларды әзірлеуге кімдер қатысты? Негізгі бағыттарды талқылауға қоғамшылдар қатысты ма?
Ұлттық жобалар қабылдану алдында стратегиялық және мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құру және жетілдіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Ұлттық жобаларды әзірлеумен жауапты мемлекеттік органдардың өздері айналысты. Бастапқыда олардың әрқайсысы жеке ұлттық жобасын құрып, өзгелерге қарамай, өздері жүзеге асырғысы келді. Сол себепті 25-ке жуық ұлттық жоба ұсынылды. Алайда, басым жобалар сияқты басымдықтардың көп болуы мүмкін емес. Осыған байланысты әзірлеу барысында олардың саны алдымен 18-ге, кейін 10-ға дейін қысқарды.
Ұлттық жобаларды әзірлеуге қазақстандық және халықаралық сарапшылар мен даму институттары белсенді атсалысты. Әрбір ұлттық жоба Президент жанындағы реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің шеңберінде және құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерінен басқа сарапшылар мен жұртшылық кіретін Жоғарғы Кеңестің 6 консультативтік-кеңесші комитеті аясында қаралды. Сондай-ақ, жобаларды қарауға Парламент депутаттары тартылды.
Демек, оларды әзірлеуге кешенді тәсіл қолданылып, барлық мүдделі мемлекеттік органдар, тәуелсіз ұйымдар, сарапшылар тартылды.
Ұлттық жобаларды бақылау қалай жүзеге асырылады? Орындалуын кім қадағалайды?
Ұлттық жобалардың мониторингі тұрақты түрде жүзеге асатын болады. Нәтижелер жүйелі түрде – министрлер/вице-министрлер деңгейінде аптасына бір рет, Премьер-Министрдің орынбасарлары деңгейінде екі аптада бір рет және Премьер-Министр деңгейінде айына бір рет талқыланатын болады.
Реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес жобалардың орындалу барысын тоқсан сайын қарайтын болады. Сонымен бірге, СЖРА мемлекет басшысына іске асыру барысы туралы өзіндік талдау дайындайтын болады.
Ұлттық жобаларды қаржыландыру
Ұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін қандай қаржыландыру көздері қарастырылған?
Ұлттық әлеуметтік жобалар республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылады. Бұл үздіксіз қамтамасыз етілетін мемлекет пен халық арасындағы әлеуметтік келісімшарттың бір бөлігі. Экономикалық жобаларға келетін болсақ, бірнеше себептерге байланысты бюджеттен тыс қорларға үлкен мән беріледі.
Біріншіден, Үкімет шетелден инвестиция тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Қазірдің өзінде құны 32,4 триллион теңгені құрайтын 1600-ден астам инвестициялық жобалар пулы қалыптасты, ал 2025 жылға қарай ТШИ жылдық көлемі 30 миллиард АҚШ долларын құрауы тиіс.
Екіншіден, Қазақстанда даму банктері, қаржы институттары, қор биржалары, венчурлық қор жұмыс істейді, олар қазақстандық жобаларға қаражат тартуды сәтті жүзеге асыруда. Олардың қатарында Еуразиялық даму банкі, Қазақстанның Даму банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, «Kazakh Invest», «KazakhExport», «Kazyna Capital Management», «Даму» қоры және т.б. бар. Мысалы, АХҚО 2018 жылдан бастап ел экономикасына 4,5 млрд доллардан астам қаражат тартты, ал 2025 жылға қарай тартылған инвестиция көлемі 10 млрд долларға жетуі тиіс.
Демек, бюджеттен тыс қаражатты тарту – нақты, шынайы әрі міндетті тапсырма. Ал бұл өз алдына ұлттық жобаларды жүзеге асыру қаржылай қамтамасыз етілгенін айқындайды.
Қаражаттың орынды және сапалы пайдаланылуын бақылау қалай жүзеге асады?
Қазақстанда заңнамада белгіленген қаржылық бақылау және мемлекеттік аудит шаралары қолданылады. Дегенмен, біз бұл мәселеде белсенділік танытуымыз қажет. Осыған байланысты СЖРА Үкіметтің, Президент Әкімшілігінің, Есеп комитетінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Парламенттің, сарапшылардың және жұртшылықтың өкілдерінен тұратын, кемінде жарты жылда бір рет отырыс өткізетін тұрақты арнайы комиссия құру ұсынылды. Комиссияның міндеті ұлттық жобаларды жүзеге асыруға бөлінген қаражатты бақылау ғана емес, ықтимал тәуекелдерді бағалау болмақ.
Ықтимал сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерінде Цифрлық үкімет кеңсесі де, жалпы алғанда, ұлттық жобаларға қаражаттың жұмсалуын үздіксіз бақылау үшін цифрлық құралдардың болуы үлкен рөл атқаратын болады.
Ұлттық жобаларды қаржыландыруды тәуекелдерге байланысты қайта бөлу мүмкін бе?
Ұлттық жобалардың мәні осында. Олардың ағымдағы жағдайға байланысты өзгеретін икемді agile-жүйесі бар. Мысалы, коронавирустық пандемия жағдайында денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған қаражатты қайта бөлу қарастырылуы мүмкін.
Демек, қаржыны басқа ұлттық жобаға немесе жоба аясында аудару мәселесінде, әрине, әлемдік нарықтағы және ел ішіндегі жағдай маңызды болады.
Басты басымдық – адамдар
Жергілікті деңгейде ұлттық жобалар қалай жүзеге асады?
Ұлттық жобалардың көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша тиімді жұмыс жасау үшін Цифрлық үкімет кеңсесінде басқарудың біртұтастық қағидатын ұстану маңызды, мұнда жобалық іс-шаралар орталықтан да, аймақтардан да байланыстырылып, тұрақты бақыланатын болады. Цифрландыру орталық мемлекеттік органдардың да, жергілікті атқарушы органдардың да қызметі туралы мәліметтерді жинау жұмысын айтарлықтай жеңілдететіні анық.
Ұлттық жобалардың басты аспектілерінің бірі олардың елдік ауқымы болып табылады және, әрине, бұл жерде орталық пен аймақтар арасындағы жұмысты дұрыс үйлестіру маңызды болады. Бұл ретте орталық пен аймақтар арасындағы қарым-қатынасты институттандыратын, сондай-ақ, әрбір аймақты дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын қазіргі таңда әзірленіп жатқан Қазақстанның аумақтық даму жоспарын атап өткім келеді. Осы орайда, ұлттық жобалардың ерекшелігі – аймақтарға бірдей тапсырма қоймағанымызда. Әр аймақ ерекше, әрқайсысының өзіндік артық тұстары мен дамыту керек салалары бар. Ұлттық жобалар аймақтардың қажеттіліктеріне байланысты іс-шараларға бағытталған және сараланған.
Ұлттық жобаларды қабылдаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы өзгере ме?
Ағымдағы ауқымды реформалар бағдарламасының маңызды бөлігі – негізгі мемлекеттік бастамалар арасындағы дәйекті және нақты байланыс. 2021 жылғы ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік жоспарлау, бюджеттік жоспарлау және цифрландыру жүйесімен қатар, мемлекеттің «адамға бағытталған» моделін құрудың түбірлік жүйелерінің бірі болып табылады.
Осыған байланысты мемлекеттік басқару жүйесіндегі жоспарлы өзгерістер мен ұлттық жобаларды жүзеге асырудың өзара байланысы айқын. Олардың ортақ негізі және ортақ мақсаты – азаматтардың өміріне оң әсер ететін міндеттерді жүзеге асыру.
Халық санағы – ел дамуының құралы ретінде
Халық санағы аяқталды. Оның нәтижелері ұлттық жобаларды жүзеге асыруға әсер ете ме?
Расында да, халық санағы – Қазақстанда қанша адам тұратынын білу үшін емес, экономикалық форматтағы қазіргі жағдайды түсіну үшін жүргізілген еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі басты оқиға. Оның нәтижелері мемлекетке алдағы он жылға экономикалық және әлеуметтік саясатты жоспарлауға мүмкіндік береді.
Демек, келесі жылдың бірінші жартыжылдығында жарияланатын санақ мәліметтері мемлекетке қажетті нақты өзгерістерді енгізуге мүмкіндік береді. Мысалы, алдын ала қорытынды бойынша Қазақстан халқының 20%-ын 0 мен 9 жас аралығындағы балалар құрайды. Әрине, біз санақтың толық қорытындысын ала отырып, қай өңірде бала көп екенін және жаңа оқу орындарының қай жерде қажет екенін түсінетін боламыз.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша ұқсас жағдай – мемлекет ұлттық жобалар аясында жылдың ішінде 100 миллион шаршы метрге дейін баспана салу жоспарлануда. Халық санағы қай өңірге баспана қажет екенін түсінуге мүмкіндік береді.
Демек, халық санағының қорытындысы ұлттық жобаларға қажетті түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.
Цифрландырудағы қазіргі тенденцияларды ескере отырып, санақтың маңыздылығы, мысалы, 10 жылдан кейін қаншалықты сақталады?
Менің ойымша, 2030 жылы халық санағын аралау үлгісінде өткізу өзектілігін жоғалтады. Ағымдағы санақта респонденттердің 42,5% оны онлайн түрде өтті. Бұл Литва, Болгария, Италия және Португалия сияқты Еуропа елдерімен салыстыруға болатын айтарлықтай үлкен көрсеткіш.
Осыған орай, қазір Цифрлық үкімет кеңсесінде жинақталып жатқан мәліметтер базасы бізге 10 жылдан кейін халықтың, мемлекеттің және басқа да салалардың жай-күйін толық көрсетуге мүмкіндік береді.