Сайт бойынша іздеу
ҚАЗАҚСТАН «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАҒА КӨШПЕСЕ» 14 МЛРД. АҚШ ДОЛЛАРЫН ЖОҒАЛТАДЫ

Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдалану бойынша қажетті әлеуетке ие, алайда олардың электр энергиясын өндірудегі үлесі тек 1,3% – ды құрайды. Дамыған елдерде көрсеткіш орта есеппен 22%-ға жетеді. Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі қоршаған ортаны сақтап қана қоймай, табиғи ресурстарды ұтымсыз пайдаланудан экономикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде ЖІӨ-нің 3% деңгейінде қосымша өсуі күтілуде.

Энергияға жаһандық сұраныс 2018 жылы 2,3%-ға артты, бұл 2010 жылдан бастап орташа өсу қарқынынан екі есе асады. Нәтижесінде көмірқышқыл газының шығарындылары ең жоғарғы мәнге 33 гигатоннаға дейін жетіп, 1,7%-ға өсті. Ең үлкен өсім энергияға жалпы сұраныстың шамамен 45% – ын құрайп, қолайлы отын саналған табиғи газдың үлесіне тиді.  Жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 26%-ды құрады. Яғни өндірілетін энергияның негізгі көлемі отынның органикалық түрлерін (мұнай, көмір, газ және т. б.) жағу кезінде өндіріледі. Болжамдарға сәйкес, негізгі энергия көздері шамамен 40-100 жылдан кейін таусылады. Атап айтқанда, мұнай қоры 40-50 жылдан кейін, газ – 80 жылдан, уран – 80-100 жылдан, ал көмір – 300-500 жылдан кейін таусылуы мүмкін.

Қазақстанда 2018 жылдың қорытындысы бойынша энергия ресурстарын тұтыну құрылымында көмірдің үлесі 55% – ды, газ және мұнай – 20%-ды, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) – 1,3%-ды құрады.

Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға қарай өндірілетін энергияның жалпы көлеміндегі баламалы энергетиканың үлесін 2020 жылға қарай 3% – ға және 2030 жылға қарай 30%-ға аралық өсумен 50%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл ретте көшу жеті негізгі бағыт негізінде жүзеге асырылатын болады:

  • жаңартылатын энергия көздерін дамыту;
  • энергия үнемдеу және энергия тиімділігі;
  • тұрақты және тиімді органикалық ауыл шаруашылығын дамыту;
  • қалдықтарды басқару;
  • су ресурстарын ұтымды пайдалану;
  • «жасыл көлікті» дамыту;
  • экожүйелерді сақтау және тиімді басқару

«Жасыл экономикаға» көшу табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануды және қоршаған ортаны қорғауды ғана емес, оның шеңберінде тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін тиімді шешім ретінде теңдестірілген және толық ауқымды өсудің кешенді маңыздылығы белгіленген.

Жасыл технологияларды енгізу Қазақстан экономикасының энергия тиімділігінің 40-60% – ға өсуіне, сондай-ақ су тұтынудың 50% – ға қысқаруына әкеледі деп күтілуде. Бұдан басқа, жасыл өсу моделіне көшу ЖІӨ-нің 3% – ға қосымша өсуін қамтамасыз етуге, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласының жаңа салаларын қалыптастыруға, халық үшін өмір сүру сапасының барлық жерде жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тұжырымдаманы іске асыруға  қажетті инвестициялардың жиынтық көлемі орта есеппен 3-4 млрд. АҚШ долларын құрайды. Инвестициялардың жыл сайынғы ең жоғары көлемі 2020-2024 жылдар кезеңінде ЖІӨ-нің жалпы көлемінің 1,8%-ы көлемінде талап етіледі. Бұл ретте инвестициялардың негізгі үлесі жеке инвесторлардың қаражаты есебінен тартылатын болады.

2018 жылдың қорытындысы бойынша «жасыл экономиканы» дамытуға 72,8 млрд теңге инвестиция бағытталды, бұл ЖІӨ-нің 0,12% – ын құрайды. Іс жүзінде барлық қаражат немесе 70,9 млрд теңге жаңартылатын энергия көздеріне бағытталды. Қалған қаражат, атап айтқанда, 1,8 млрд теңге энергия үнемдейтін технологияларға және 105,6 млн теңге – парниктік газдар шығарындыларын азайтуға инвестицияланды.

Қазақстан – Орталық Азиядағы күн де, жел де түрлендіретін қуатқа ие жалғыз ел, бұл ЖЭК-ті одан әрі дамыту драйвері болып табылады. Орташа және ірі өзендердің гидроэнергетикалық әлеуеті 55 млрд кВт•сағат, ал шағын өзендердікі— жылына 7,6 млрд кВт•сағат құрайды. Күн энергиясы мен жел энергиясының әлеуеті жылына тиісінше 2,5 млрд және 1,82 млрд кВт•сағат деп бағаланады. Яғни ЖЭК-тің жиынтық әлеуеті жылына 1885 млрд. кВт сағатты құрайды,бұл 4,3 ГВт қуатпен барабар.

Қазақстанда 75 ЖЭК объектілері жұмыс істейді, олардың ішінде ең үлкен қуатқа Сарань СЭС (100 МВт), Бурное Солар 1  СЭС (50 МВт), Бурное Солар 2 СЭС (50 МВт), Бірінші ЖЭС (45 МВт) ие.

«Жасыл экономикаға» көшудің өзектілігі экономикалық шығындармен де, табиғи ресурстар мен қоршаған орта жағдайының айтарлықтай нашарлауымен де айқындалады. Сарапшылардың бағалауы бойынша ресурстарды тиімсіз пайдалану экономика үшін жылына 4-8 млрд.АҚШ доллары көлемінде пайданы  жоғалтуға әкеледі, ал 2030 жылға қарай 14 млрд. АҚШ долларына дейін өсуі мүмкін. Бұл ретте энергия тұтынуды үнемдеу әлеуеті 3-4 млрд АҚШ долларын құрайды, ал 2030 жылға қарай 6-10 млрд. АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.

Жердің төмен өнімділігі нәтижесінде келтірілген экономикалық шығындар 1,5 млрд-тан 4 млрд. АҚШ долларына дейін өзгеріп отырады.  Бұл шығындардың салдары Солтүстік Қазақстан, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы халықтың 30-45% жұмыспен қамтылған аграрлық сектордағы әлеуметтік-экономикалық шиеленіс болуы мүмкін.

Қазақстан экономикасы әртараптандырудың жүргізіліп жатқан саясатына қарамастан, шикізаттық бейілділікті сақтайды – ЖІӨ-нің 31% – дық көлемі өнеркәсіптік өндіріс есебінен және 17% – ы тау-кен өндіру секторы есебінен қалыптасты. Осының салдары экономиканың энергия ресурстарына бағаның құбылмалылығына қатты тәуелділігі болып табылады. 2018 жылы мұнай өндіру көлемі 77,5 млн тоннаны құрады (өсім – 6,3%), бұл ақшалай баламада 11,8 трлн теңгеге сәйкес келеді. Алайда, мұнайдың бағасына әсер ететін сыртқы экономикалық факторлар ұлттық экономиканың тұрақты даму тәуекелін туғызады.  Халықаралық энергетика агенттікмен АҚШ-тың энергетика жөніндегі ақпараттық агенттігінің болжамы бойынша 2035 жылға дейін мұнай баррелінің күтілетін құны 50-ден 200 АҚШ долларына дейінгі диапазонда болады.

Осыған байланысты жаңа индустрияларды дамыту және «жасыл экономика» қағидаттарына көшу ұлттық экономиканың шоғырлануын және өңірлерді дамытудағы теңгерімсіздікті төмендетуге мүмкіндік беретін жүйе құрушы элемент болады, бұл кейіннен экономика секторларын дамытуға тиімді әсер етеді.

Қазақстанның «жасыл экономикаға» көшуі жаңа инфрақұрылымды жаңартпай және дамытпай мүмкін емес, әйтпесе жақын болашақта ел механизмдерінің заман талаптарына сай болмауы мен бәсекеге қабілетсіздігі проблемасына тап болады. Осыған байланысты 2030 жылға қарай ғимараттардың 55%-ын және электр станцияларының 40%-ын салу, сондай-ақ 80% – дан астам автокөлік паркін жаңарту жоспарлануда. Сонымен қатар, 2020 жылға қарай ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2008 жылдың бастапқы деңгейіне қарағанда  25%-ға төмендету күтілуде.

Қазақстан өнеркәсібінің ағымдағы энергия сыйымдылығы еуропалық елдерге қарағанда төрт-бес есе жоғары. Әлемдік рейтингтегі елдің ЖІӨ энергия сыйымдылығы көрсеткіші-1,9, ал Жапонияда-0,1, Германияда-0,16. Осыған байланысты экономиканы дамытудың басым салалары арасында энергия тиімділігін, құрылыс нарығын және ЖЭК дамуын атап өтуге болады.

ЖЭК энергиясының құны дәстүрлі көздер құнынан 3 есе асады. Жоғары тарифтер пайыздық мөлшерлемелері 10% – дан асатын жобаларды іске асыру үшін қарыз қаражатын тарту қажеттілігімен байланысты. ЖЭК объектілерінің өтелімділігіне 10-15 жыл ішінде қол жеткізілетінін ескере отырып, қарыздық қаржыландырудың өте қымбат болып табылатындығын атап өткен жөн. Бұл проблеманың шешімі әлемдік тәжірибеде белсенді қолданылатын «жасыл» облигацияларды шығару болуы мүмкін. 2018 жылы халықаралық «жасыл» жобаларға 167 млрд. АҚШ долл. (2017 жылы — 158 млрд. АҚШ долл.) тартылды. Болжамдарға сәйкес,  2019 жылы шығарылған облигациялар көлемі 200 млрд. АҚШ долларына жетеді деп күтілуде.  Бұл ретте АҚШ (21%), Бельгия (19%) және Қытай (8%) ірі эмитенттер болып табылады.

Қазақстанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы – Astana International Exchange (AIX) биржасының базасында «жасыл» бондтар шығарылады деп күтілуде. KazPV консорциумы «Қазатомөнеркәсіп «ҰАК» АҚ-дан күн батареяларын өндіретін бизнесті сатып алғаннан кейін AIX қор биржасы арқылы қаржыландыруды көздеп отыр.

Қазақстан Үкіметі ЖЭК өндірушілерге жеңілдікті тіркелген тарифтерді және мемлекеттік қолдаудың басқа да нысандарын ұсынып отыр. Жеңілдікті тіркелген тарифтер инфляцияға жыл сайынғы индекстеуді ескере отырып, 15 жыл мерзімге белгіленеді. Бұдан басқа, ЖЭК секторын дамыту үшін Үкімет орталықтандырылған электр желісіне қол жеткізе алмайтын үй шаруашылықтары мен кәсіпорындар үшін ЖЭК станцияларын (5 кВт-тан астам) орнатуға салынатын инвестициялардың 50%-ын өтейді.

Мақала авторы: Марсель Мухамбетов Мақалалар (194)