Сайт бойынша іздеу
  • Басты бет
  • Қаржы
  • ВАЛЮТАЛЫҚ РЕТТЕУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ: АХҚО ҚАРЖЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛМАҚ
ВАЛЮТАЛЫҚ РЕТТЕУ ТУРАЛЫ КЕЛІСІМ: АХҚО ҚАРЖЫЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҮШІН ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛМАҚ

АХҚО-да қабылданған валюталық реттеу және ақпарат алмасу ережелері еліміздің резиденттеріне не береді?

Бүгін, 16 қарашада, Ұлттық Банктің, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және «Астана» халықаралық қаржы орталығының ресми қорларында АХҚО валюталық реттеу және жүргізілетін валюталық операциялар туралы мәліметтерді беру қағидалары ережелерін қабылдау туралы көптің көзіне түсе қоймаған, десе де, өте маңызды хабарлама келді. Аталмыш ережелер 2021 жылдың 1 желтоқсанында күшіне енеді.

Құрғақ тұжырымдамалар астарында Қазақстанның қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және тәуекелдерді барынша азайту бастапқы мақсаты болған реттеушілердің бір жылдық жұмыла істелген үйлесімді жұмысы жатыр. finreview.kz сарапшылары қабылданған құжаттың егжей-тегжейін анықтауға тырысты.

Жұмыс қалай басталды?

АХҚО-ның валюталық реттеу актісін әзірлеу және оны Ұлттық Банкпен келісу қажеттілігі АХҚО туралы Конституциялық заңның өзінде көрсетілген. Ережелер АХҚО туралы Конституциялық заңда көрсетілген қаржы орталығының мақсаттарын жүзеге асыруға, атап айтқанда, ел экономикасына инвестиция тартуға және Қазақстанның қаржы нарығын дамытуға жәрдемдеседі.

2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО Басқару кеңесінің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне АХҚО-мен бірлесіп, отандық бағалы қағаздар нарығын интеграциялауға және дамытуға бағытталған батыл жаңа нормативтік құқықтық базаны әзірлеуді тапсырды.

Мемлекет басшысы келесі аспектіге ерекше назар аударды:

«АХҚО сияқты әлемдік деңгейдегі қаржы институтының жаңа экономикалық күн тәртібін жүзеге асыруға белсенді қатысуы әбден қисынды. Сонымен бірге, жаңа және күрделі жағдайларда одан әрі дамуды қамтамасыз ету үшін, бізді осы деңгейге жеткізген құралдар мен институттар қайта қаралып, күшейтілуі тиіс екенін бәріміз түсінуіміз керек».


«Бір ғана ел ірі инвесторларды аса қызықтырмайтыны анық, бірақ сауда-өнеркәсіптік қатынастармен байланысты Еуразиялық одақтың бүкіл аймағы мен Орталық Азияны көзге ілмеу қиын. Қазіргі жағдайда аймақ елдері арасындағы кез келген бәсекелестік өзара күшею мен дамуға мотивация призмасы арқылы қарастырылуы тиіс екеніне сенімдімін. Инвесторлардың бір елге деген қызығушылығы басқа елдердің табысқа жетуіне сөзсіз әсер етеді. Осылайша, АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен аймақ елдерін байланыстыратын әмбебап алаң ретінде әрекет ете алады».

Ережелердің қабылдануы Мемлекет басшысы жүктеген міндетті шешу және АХҚО-ны аймақтық деңгейге шығару жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Ережелердің мәні неде және оларды қабылдау неліктен қажет болды?

Ережелер АХҚО қатысушыларының Қазақстанның қаржы нарығына қол жеткізу шарттары мен валюталық реттеу бойынша реттеушілер арасындағы нақты келісімдерді бекітуді көздейді. Бұл туралы жазда Мемлекет басшысы АХҚО Басқару кеңесінің отырысының қорытындысы барысында айтқан болатын.

Реттеушілер АХҚО қатысушылары Қазақстан резиденттеріне ұсына алатын қаржылық қызметтердің тізімін бекітті:

Біріншіден, банктік және төлем қызметтері. Заңды тұлғаларды несиелендіру, ағымдағы шоттарды ашу және жүргізу, исламдық банкинг, исламдық банктер арқылы исламдық қаржыландыру және т.б.

Екіншіден, сақтандыру. Тікелей ерікті сақтандырудың кейбір түрлері, қайта сақтандыру қызметі, спецификалық тәуекелдер бойынша сақтандырудың жаңа түрлері (апаттық тәуекелдер, терроризм тәуекелдері, саяси, климаттық, кибер-тәуекелдер), сақтандырудың қосымша түрлері (исламдық сақтандыру, кепілдіктер мен кепілдіктерді сақтандыру және т.б.).

Үшіншіден, инвестициялық қызметтер. Инвестициялық банк қызметі, дилерлік қызмет, брокерлік қызмет, кастодиандық қызмет, инвестициялық басқару (оның ішінде инвестициялық қорлар), сенімгерлік қызмет.

Ережелерді қабылдау АХҚО қатысушыларына не береді?

Ережелерді қабылдау АХҚО қатысушыларына жоғарыда аталған тізімге енгізілген қызметтерді қазақстандық реттеуші органдардан лицензия алмай-ақ қазақстандық юрисдикциясы клиенттеріне ұсынуға мүмкіндік береді.

Мәселен, АХҚО банктері енді Қазақстандағы заңды тұлғаларға несие бере алады. Ережелер қабылданғанға дейін олар корреспонденттік шоттарды да аша алмады.

Қазақстан резиденттері инвестициялық қорлардан, сақтандыру компанияларынан, ислам банктерінен, брокерлік компаниялардан қаржылық қызметтерді, сондай-ақ, кәсіби қызметтерді – заңгерлік, бухгалтерлік есеп, аудит қызметін ала алады.

АХҚО қатысушылары қаржылық қызметтердің кейбір түрлерін ұлттық валюта – теңгеде көрсете алады. Бұл шешім инфляциялық тәуекелдер мен теңге бағамына қысымның алдын алу мақсатында қабылданған.

Ережелердің қабылдануы Қазақстан экономикасына не береді?

АХҚО қатысушыларының қазақстандық нарыққа толыққанды келуі оларға ел экономикасына инвестиция салуға, сондай-ақ, қаржылық және кәсіби қызметтер нарығын дамытуға жол ашады.

Ережелердің қабылдануы АХҚО банктері үшін ұлттық экономикаға 2 миллиард доллардан астам инвестиция салу жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

АХҚО қатысушылары резиденттерге Қазақстанда бұрын соңды көрсетілмеген қызметтерді, мысалға, киберқауіптерден, климаттық немесе апатты тәуекелдерден сақтандыру сияқты қызметтерді ұсынатын болады. Бұл Қазақстанда жаңа қызмет көрсету нарықтарын құру үшін елеулі ынталандыру болады.

Ережелердің «жанама әсерлері» бар ма?

Алғаш рет АХҚО лицензиаттарының Қазақстан нарығына кіруі туралы шешім 2021 жылдың 1 шілдесінде АХҚО Басқару кеңесінің отырысында көпшілікке жарияланды. Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті – АХҚО Басқару кеңесінің Төрағасы Қ.Тоқаев АХҚО лицензиаттарына еліміздің бүкіл қаржы нарығына қолжетімділікті қамтамасыз ету бастамасын қолдап, қаржы жүйесінің тұрақтылығы үшін тәуекелдерге талдау және бағалау жүргізу қажеттілігіне баса назар аударды. Сонымен қатар, капиталдың мемлекеттен бақылаусыз шығып кетуіне себепші болуы мүмкін қаржы, фискалдық және валюталық заңнамадағы «құрдымдарға» жол бермеу қажеттігін атап өтті.

Осыған сүйене отырып, Қазақстанның қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және тәуекелдерді азайту осы Ережлерді әзірлеуде басымдылық болды. АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитеті (AFSA) қазақстандық реттеушілердің бірлескен жұмысы ықтимал теріс әсерлердің, соның ішінде капиталдың бір юрисдикциядан екінші юрисдикцияға ағылуының, валюта бағамына қысымның және төлем балансына тәуекелдердің алдын алуға бағытталғанын атап көрсетеді.

Ережелердің қабылдануы компаниялардың қазақстандық юрисдикциядан АХҚО-ға айтарлықтай ағылуына және салық салу базасының қысқаруына әкелмейді. Біріншіден, АХҚО трансшекаралық бизнес үлгісі бар компанияларға арналған алаң болып табылады, ал қазақстандық компаниялардың көпшілігі жергілікті деңгейде филиалдар желісі арқылы жұмыс істейді. Екіншіден, АХҚО-ның заң талаптары салықтық жеңілдіктерді теріс пайдалануға жол бермейді.

Әрі қарай не болады?

Қазіргі уақытта қабылданған құжаттың ықпалын толық бағалау мүмкін емес, ол үшін қазақстандықтардың АХҚО қатысушыларының қызметтеріне жүгіну тәжірибесін зерделеу қажет.

Сонымен қатар, жаңа Ережелерде қарастырылмаған бірқатар қызмет түрлері бар. Мысалы, бұл финтех-компаниялардың қызметтері, АХҚО банктерінің экспорт-импорт операцияларын жүргізуі, сақтандырудың міндетті түрлері бойынша қызметтер.

Реттеушілердің Қазақстанның қаржы жүйесінің тәуекелдері мен тұрақтылығын бағалауды, Қазақстан азаматтары мен бизнестің мүдделерін, сондай-ақ, Қазақстанның барынша инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етуді ескере отырып, Ережелерді жетілдіру бойынша үйлесімді жұмыс істеуін жалғастыру маңызды.

Мақала авторы: Марсель Мухамбетов Мақалалар (194)