Сайт бойынша іздеу
ЖІӨ ӨСІМІНІҢ 3,5%-ҒА ДЕЙІНІН КӨЛІКТІК ЛОГИСТИКА ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕ АЛАДЫ

Қазақстанның көлік логистикасы кейінгі жылдары даму жолында елеулі қиындықтарды бастан кешірді. Кейінге қалдырылған сұраныс жағдайында туындаған жүк тасымалының серпілісі жеткізу тізбегін тұрақсыздандырды.

Екі пандемиялық жыл бүкіл әлемдегі көлік-логистика саласын айтарлықтай өзгертті. Саяси, экономикалық және технологиялық өзгерістер көлік саласына ауқымды әсер етті және қазіргі уақытта әсер етуде. Осыған байланысты негізгі ресурстардың бағасы  қызметкерлерден, көлік пен жанар-жағармайдан бастап, орауыш материалдар мен қоймаларға дейін айтарлықтай өсті. Бұл ретте саланың бірқатар буыны рекордтық өсім көрсетті, және оларда жұмыс істейтін компаниялар үстеме табыстары туралы есеп берді.

Қазақстанның көлік-логистика саласы қалай дамып жатыр, 2022 жылы қандай тәуекелдер мен келешек күтуі мүмкін? Осы сұрақтарға finreview.kz сарапшылары жауап іздеуге тырысты.

Көлік саласы ЖІӨ-нің 6,5%-ын құрайды

Халықаралық және ішкі логистикаға әлі де ең үлкен әсер етуші фактор коронавирустық пандемия болып табылады. Эпидемиологиялық жағдай өндірушілер мен тұтынушылар арасындағы әдеттегі байланыстарды үзіп, логистикалық компаниялардың бизнесіне елеулі өзгерістер енгізді. Ал қазір автомобиль және теміржол тасымалы өсу қарқынын көрсеткенімен, дағдарысқа дейінгі деңгейге оралу әзірше мүмкін емес.

2021 жылдың қорытындысы бойынша көлік саласының ЖІӨ құрылымындағы үлесі 6,5 пайызды құрап, 5,26 трлн теңгеге жетті. Бір жыл ішінде көрсеткіш 9%-ға өсті, бірақ пандемияға дейінгі деңгейді әлі қайтарған жоқ. 2019 жылы көлік логистикасы жалпы ішкі өнімнің 8 пайызын қамтамасыз ете отырып, 5,59 трлн теңге көлемінде қызмет көрсеткен болатын.

Салыстыратын болсақ: дамыған елдерде көлік логистикасының үлесі ЖІӨ-нің 13-14%-ына жетеді. Мысалы, Ирландияда – 14,2%, Сингапурда – 13,9%, Гонконгта – 13,7%, Германияда – 13%. Ал жаһандық логистикалық нарық 2,7 триллион долларға бағаланады, бұл әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 7%-ын құрайды.

Жолаушылар легі бәсеңдеп, жүк тасымалы артуда

Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы шамамен 100 мың шақырымды құрайды. Тағы 21 мың шақырымы – темір жолдар. Олар арқылы жыл сайын 7 миллиардтан астам жолаушы жүреді. Мысалы, 2021 жылы 7,6 миллиард жолаушы тасымалданса, бір жыл бұрын одан да көп — 8,3 миллиардтан астам адам тасымалданған.

Жүк тасымалына келетін болсақ, электронды сауданың ұлғаюы мен Қазақстан арқылы транзиттік рейстер санының артуы нәтижесінде олардың көлемі 1,1%-ға өсті. Барлығы 4 млрд тоннаға жуық жүк тасымалданды. Ал жүк айналымы 1,4%-ға өсіп, шақырымына 597,2 млрд теңгені құрады.

Тасымалданған жүктердің жалпы көлемінде автомобиль көлігінің үлесі – 82,9%, теміржол көлігі – 10,4%, құбыр көлігі – 6,7%. Жүк тасымалдау көлемінің 0,04%-ын құрайтын әуе, теңіз және ішкі көлік түрлері арқылы жүк тасымалдаудың әлеуеті мүлде ашылмаған. Дегенмен, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Батыс Қазақстандағы Ақтау портының базасында «контейнерлік хаб» құру жоспарлануда, ал 2025 жылға қарай контейнерлік тасымалдың өсімі жылына 100 000 ЖФЭ құрауы тиіс. 2025 жылға қарай өзен тасымалы көлемі 3,8 миллион тоннаға дейін ұлғайтылады.

Көлік логистикасы Қазақстанның ЖІӨ-нің 3,5%-ға дейін өсім қарқынын қамтамасыз ете алады

Қазақстан өзінің географиялық орналасуына байланысты көлік-логистикалық жүйені дамыту үшін айтарлықтай әлеуетке ие. Теңізге шығу мүмкіндігі шектеулі еліміз экономикалық дамыған екі аймақ – Еуропалық Одақ пен Азия елдері арасында өзінің тиімді орналасуын пайдалана алады. Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан ЕО елдеріне көлік ағынын кеңейте отырып, Қазақстан өзінің ұлттық экономикасын әлемдік экономикалық кеңістікке біріктіре алады.

Қазіргі таңда Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз өтеді. Бұл 5 теміржол және 6 автомобиль жолы. Солардың арқасында Азиядан Еуропаға жүк тасымалдау және тауарды жеткізу мерзімі 13-15 күнге дейін қысқарды. Бұл теңіз көлігіне қарағанда 2 есе жылдам. Сондықтан Қазақстанның транзиттік дәліздері арқылы жеткізу күн санап сұранысқа ие болуда. 2021 жылдың тоғыз ай мерзімінде Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша шамамен 600 000 ЖФЭ тасымалданды, бұл былтырғымен салыстырғанда 47%-ға көп.

Қазақстанның Қытай және Еуропаның әлемдік жетекші нарықтарымен сауда-экономикалық ынтымақтастығының одан әрі дамуына «Бір жол, бір белдеу» бастамасы септігін тигізуде. Орталық Азия елдерінен жаңа құрлық дәліздерін іске қосу және олардың «жаңа Жібек жолына» интеграциялануы ЕАЭО кеңістігіндегі транзиттік ағындарды арттыруға жағдай жасайды. Мұның ұлттық экономикаға тигізетін әсері ЖІӨ өсімінің шамамен 3,5% құрайтын болады.

Бірақ бұл үшін мемлекет бірқатар негізгі проблеманы жоюы тиіс.

Қазақстанның көлік-логистика саласының даму тәуекелдері

Қазақстанның көлік-логистика саласы бірте-бірте қалпына келуде. Бірақ кедергілер бар – жақын болашақта Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс үшін Батыс елдері Ресейге қарсы санкциялар енгізгендіктен, мұнай жеткізуде іркілістер болуы мүмкін. Бұл бензин бағасының көтерілуіне, жанармай тапшылығына және кейбір сауда базарларының жабылуына әкелуі мүмкін.

Бүгінгі таңда логистика үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға және жылдам әрекет ету мен тез шешімдерді талап ететін мәселелерге бейімделуге тырысады. Әзірге бүкіл әлемде тұрақтылық жоқ және жақын болашақта болуы екіталай. Сондықтан Қазақстанның көлік-логистикалық саласы өзгермелі нарықтық жағдаятқа қатысты келесі негізгі проблемаларды жоя отырып, икемді болуы керек.

Біріншіден, бұл жоғары логистикалық шығындар. Тасымалдау шығындарының үлесі түпкілікті өнім бағасынан 25%-ға жетуі мүмкін. Бұл ретте әлемдік орташа көрсеткіш 11% деңгейінде. Салыстырар болсақ: Қытайда – 14%, ЕО-да – 11%, АҚШ пен Канадада – 10%. Бұл көрсеткіштер Қазақстан экономикасының басқа елдермен салыстырғанда көлік жүктемесін 2 есе көп көтеретінін аңғартады. Бұл Қазақстандағы қолданыстағы көлік инфрақұрылымының әбден тозуына байланысты. Бұған халықаралық стандарттарға сәйкестендіру шаралары тек 2025 жылға қарай жоспарланған жол бойындағы сервистердің жеткіліксіз дамуы да себеп.

Екіншіден, жүк тасымалдау кезіндегі сыбайлас жемқорлықтың айтарлықтай деңгейі. Тәуекелдерді азайту үшін 2022 жылдан бастап Қазақстан кіретін ЕАЭО кеңістігінде навигациялық пломбаларды пайдалану туралы келісім күшіне енді. Енді мемлекеттік қазыналық органдар тауар ағынын онлайн режимінде бақылай алады. Дәл сол аймақта бүгінгі күні заң бұзушылықтардың ең көп саны байқалады. Навигациялық пломбаларды қолданудың арқасында Ресейге әкелімдер мәселесі және Еуропалық Одақ елдерінен санкцияланған өнімдерді транзиттеу мәселесі шешілетін болады. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету Қытайдан келетін тауарлардың «сұр» айналымын азайтуға септігін тигізеді. Қытайдың декларацияланбаған тауарларын жүк көліктердің 90%-ы Қырғызстаннан Қазақстанға тасымалдайды. Жалпы алғанда, Қазақстан мен Қытай арасындағы кедендік статистика деректерінің алшақтығы 5,7 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Үшіншіден, көлік логистикасында цифрландырудың баяу дамуы. Цифрландыру қазірдің өзінде тауарлардың баға белгілеу тізбегінде байқалады – навигациялық пломбаларды енгізу, тасымалдаушылардың бірыңғай деректер базасын құру. Көлікте, соның ішінде такси және қоғамдық көлікте онлайн төлем жасау қазіргі таңда жаңалық емес, Цифрлық технологияларды енгізу жүк тасымалдау шығынын азайтуға мүмкіндік береді, бұл сектордың кірістілігінің артуына және тауарлар бағасының төмендеуіне жағдай жасайды. Сапалы, автоматтандырылған басқару механизмімен жүк тасымалдау көлемі өсуде, ал ақпараттық жүйелерді тұтынушылармен және жеткізушілермен біріктіру оның ашықтығы мен операцияларының жылдамдығын арттырады. Бұл компаниялардың әлемдік нарыққа шығуын жеңілдетеді.

Төртіншіден, геосаяси жағдайдың өзгеруі және соның нәтижесінде халықаралық сауданың өзгеруі. «Шығыс пен Батысты байланыстырушы көпір» ретінде Қазақстан барлық елдермен достық қарым-қатынасын сақтайды. Дегенмен, біздің экономика әлі де әлемдік нарықтағы ауытқуларға аса сезімтал.

Бұл мәселелерді шешу үшін инвестиция қажет

2025 жылға дейін Қазақстан транзиттік және көлік бағыттарын әртараптандыру және кіріктірілген логистикалық шешімдерді енгізу үшін 20 миллиард доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Соңғы 15 жылда Қазақстанның көлік саласын дамытуға 35 миллиард АҚШ долларына жуық қаражат құйды.

Мемлекет басшысының идеясына сәйкес, Астана халықаралық қаржы орталығы инвестиция тарту мен қаржы құралдарын дамытудың аймақтық хабына айналуға тиіс. Қаржы орталығы отандық кәсіпкерлерге «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысу мүмкіндігін бере отырып, Қазақстандағы интеграциялық үдерістердің дамуына үлес қосуда. Бұл өз кезегінде көліктік-логистикалық инфрақұрылымды, әсіресе транзиттік дәліздерді жақсартуға мүмкіндік береді.

Мақала авторы: Ольга Муравьева Мақалалар (6)