Сайт бойынша іздеу
  • Басты бет
  • Бизнес
  • АХҚО САЛЫҚ РЕЖИМІ ЭЫДҰ ЖАҺАНДЫҚ СТАНДАРТТАРЫНА СӘЙКЕС КЕЛЕДІ
АХҚО САЛЫҚ РЕЖИМІ ЭЫДҰ ЖАҺАНДЫҚ СТАНДАРТТАРЫНА СӘЙКЕС КЕЛЕДІ

Қазақстанның дамуы бір орында тұрған жоқ. Соңғы жылдардағы экономикалық толқулар, COVID-19 пандемиясының салдары және логистикалық тізбегінің үзілуі Қазақстан экономикасының өсу қарқынына ғана әсер етті.

Жаңа белгісіздік жағдайында отандық бизнес трансформация мен өсудің тиімді стратегияларын үнемі іздеуге мәжбүр. Бұған қоғамның барлық салаларына – білім беру мен медициналық қызметтерден бастап виртуалды шындыққа жаңа қаржы құралдары мен жұмыс орындарын енгізуге дейін әсер ететін қарқынды цифрландыру да себепші.

Жаңа қаржы құралдарын енгізу қоғамның сұранысының әсерінен жүзеге асады: кейбір ноу-хау қазақстандық нарықты бірден жаулап алады, кейбіреулері сынақтан өткізу үшін, тиісті жұмыс ережелерін қалыптастыру үшін және қызметті жүзеге асыруға рұқсат алу үшін бір жылдан астам уақытты қажет етеді. Бұл қажетті шаралар, өйткені нарыққа қатысушының кез келген қателігі бизнестің өзі үшін де, халық үшін де, жалпы экономика үшін де қайтымсыз зардаптарға әкелуі мүмкін.

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шамадан тыс әкімшілік жүктемемен бизнеске қысым жасамайтын қолайлы институционалдық ортаны қалыптастыруды көздейді.

Қазақстандағы қолайлы және сенімді реттеушілік базаның мысалы ретінде нормативтік құқықтық негізі Ұлыбританияның, Сингапурдың, Гонконгтың, Біріккен Араб Әмірліктерінің үздік әлемдік тәжірибесін пайдалана отырып әзірленген - «Астана» халықаралық қаржы орталығын атауға болады. Англия мен Уэльстің ортақ құқығына негізделген АХҚО заңнамасы Қазақстанда бизнесті қауіпсіз жүргізу үшін барлық жағдайды жасайды.

АХҚО Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың дамуына қалай қарсы тұрады?

АХҚО реттеуші режимінің маңызды міндеттерінің біріқаржы орталығының юрисдикциясында тіркелген компаниялардың қызметінің айқындық дәрежесін, демек, заңдылығын арттыру үшін көлеңкелі бизнеске қарсы шаралар кешенін әзірлеу.

Атап айтқанда, ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (FATF) стандарттары мен ұсынымдарына сәйкес Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) ақшаны жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және санкцияларға қарсы күрес бойынша АХҚО ережелерін әзірледі. Мысалы қаржы орталығы іске қосылғалы бері түпкілікті бенефициарлық меншік иесін ашу ережелерін енгізді, бұл өз құзыреті арқылы заңсыз қаржы ағындарына тосқауыл мақсатында әзірленді. Бұл халықаралық ұйымдарға бизнесті ашық және олардың беделіне қауіп төндірмей жүргізуге мүмкіндік береді.

2022 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы «Астана» халықаралық қаржы орталығының салық режимінің салық ашықтығының жаһандық стандарттарына сәйкестігін мойындаған баяндамасын жариялады. Бұл АХҚО-да зиянды салық тәжірибесі аясында өз юрисдикциясын пайдалануға қарсы тұру үшін жеткілікті құралдар бар екенін білдіреді.

Осы мақсатта 2021 жылғы желтоқсанда AFSA ЭЫДҰ ұсынысы бойынша және Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен келісе отырып, корпоративтік табыс салығын, қосылған құн салығын төлеу бойынша салықтық жеңілдіктерді қолданатын АХҚО қатысушыларының нақты қатысуы туралы ережені қабылдады.

Бұл Ережелер не үшін қажет?

Халықаралық қаржы орталықтары (АХҚО-ны қоса алғанда) өз қатысушыларын бірқатар қызметті көрсетуден – банктік, сақтандыру, инвестициялаудан алған табыстары бойынша корпоративтік табыс салығын төлеуден босатады. Дегенмен әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай артықшылықтардың кері жағы жеңілдікті тәртіптемені теріс пайдалану тәуекелдері болуы мүмкін.

ЭЫДҰ деректері бойынша ұлттық заңнамадағы кемшіліктердің және әр түрлі елдердің салық жүйелері арасындағы сәйкессіздіктердің нәтижесінде мемлекеттер жылына 100-240 млрд АҚШ долларын жоғалтады. Бұл әлемдік корпоративтік табыс салығы түсімінің 4-10%-ына тең.

Қарапайым мысалды қарастырайық. Депозиттерді қабылдау және шот ашу үшін АХҚО реттеушісі лицензиясы бар X банкі басқа елдердегі клиенттерге қызмет көрсетеді деп елестетіңіз. Мұндай банк қазақстандық қаржы орталығының нақты юрисдикциясында болмауы мүмкін, бірақ сонымен бірге АХҚО-дан тыс алынған табысқа салықтан босату мүмкіндігін пайдаланады. Бұл жағдайда BankX бірден бірнеше юрисдикцияға – оның лицензиясы бар АХҚО-ның өзіне, сондай-ақ ол нақты жұмыс істейтін елдерге зиян келтіреді.

Қатысушылардың нақты қатысуы туралы Ережені қабылдау арқылы АХҚО Қазақстанның BEPS (Base Erosion and Profit Shifting) стандарттарын сақтауы үшін ЭЫДҰ-ның «экономикалық қатысу» талабын енгізу туралы ұсынымдарын орындады. Ережеге сәйкес, енді аталған салық жеңілдіктерін пайдаланатын қаржы орталығының резиденттері АХҚО-да бар екенін растауы керек. Мәселен мысалдағы дәл сол X Банкі АХҚО-да кіріс әкелетін негізгі қызмет түрлерін жүзеге асыруды көрсетуі керек, сондай-ақ жұмсалған шығындар мен қызмет көлеміне тартылған қызметкерлер санының сәйкестігін дәлелдеу керек. Бұл АХҚО-дан тыс қызмет нәтижесінде алынған пайда салықтан босатылмайды дегенді білдіреді.

Бұл Қазақстанға не береді?

АХҚО-ның көлеңкелі экономикамен және зиянды салық қызметімен күрестегі халықаралық деңгейде мойындалуы Қазақстанда бизнеспен айналысқысы келетіндер үшін, отандық кәсіпкерлер үшін, өз капиталымен елімізге кіруге асықпаған шетелдік компаниялар үшін триггер болуы мүмкін.

Бүгінгі таңда АХҚО трансшекаралық бизнес үлгісі бар компаниялар үшін толыққанды алаң болып табылады. Ағылшын және Уэльстің жалпы заңдарына негізделген күшті құқықтық база және қолайлы реттеу режимі қаржы орталығына қатысушылардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді және олардың салық жеңілдіктерін теріс пайдалануына жол бермейді.

ЭЫДҰ жоғары бағалаған ашық салық жүйесін құру – жаңа Қазақстанның дамыған экономика жолындағы қадамдарының бірі ғана.

 

 

Мақала авторы: Ольга Муравьева Мақалалар (6)