Жыл сайын әлемдік экономика жаһандық ЖІӨ-нің 2-5%-ын жоғалтады, бұл 700 миллиардтан 1,8 триллион еуроға дейінгі соманы құрайды. Мұндай бағалауды Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының сарапшылары келтіріп отыр. Өкінішке қарай, цифрлық революция және қаржылық транзакцияларды жүзеге асырудың жаңа тәсілдерінің пайда болуы ақшаны «жылыстату» процесін жеделдетіп, оны бұрынғыдан да жылдам және тиімдірек етті.
Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру қоғам өмірінің барлық сегментінде жүзеге асырылатын нарықтық өзгертулерге елеулі кедергілер жасайды. Бұл экономиканың және негізгі экономикалық институттардың қалыпты жұмыс істеуін бұзады, мемлекеттік органдардың елдің қаржы жүйесін бақылау және басқару қабілетіне зиян келтіреді.
Қылмыстық капиталды заңдастырудың жоғары қоғамдық қауіптілігі оның ұйымдасқан қылмыстық топтар мен қауымдастықтардың қызметімен, сондай-ақ террорлық іс-әрекеттермен тікелей байланыстығы себебінен, сонымен бірге оның айқын трансұлттық сипатымен де анықталады. Сондықтан әлемдік қауымдастық заңсыз ақша айналымымен күресуге көмектесетін жаңа құралдарды жасауға ерекше көңіл бөлуде.
Бұл бағытта нақты не жасалып жатқанын, жаһандық және аймақтық экономикалық қауымдастық қандай шешімдер ұсынатынын finreview.kz сарапшылары анықтады.
FATF жаһандық қпиталды жылыстатудан қорғайды
2020 жылы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) кем дегенде 11,3 триллион АҚШ доллары оффшорлық аймақтарда орналасқаны туралы жаһандық зерттеу нәтижелерін жариялады. Бұдан да пессимистік деректер Offshore Leaks дерекқорын құрастырушылардан алынған: олардың бағалауы бойынша оффшорлық активтердің жаһандық көлемі кем дегенде 5,6-32 трлн АҚШ долларын құрайды.
Шын мәнінде салықтан жалтаруға байланысты қаражаттың нақты көлемін білу мүмкін емес. Бұл оффшорлық жүйенің күрделі сипатына байланысты. «Панама құжаттары» немесе «Пандора құжаттамасы» сияқты әр түрлі оффшорлық жанжалдардың егжей-тегжейлері қоғамда жиі таратылатын болса да, салық мөлшерлемесі жоғары елдерден мөлшерлемелері төмен салық айлақтарына түсетін жалпы сома іс жүзінде белгісіз болып қалады.
Осыған байланысты бүгінде бүкіл әлемде заңдылық пен сенімділіктің кепілі болып саналатын Швейцарияның банктерін үлгі ретінде келтіруге болады. Дегенмен өткен ғасырдың 90 жылдарына дейін Швейцарияның халықаралық қаржы орталығы жылыстатылған қаражатты заңдастыру мен сақтаудың негізгі әлемдік платформасы болған шығар. 1934 жылдан бастап елде «резидент емес шоттардағы банктік құпия» және «күмәнді активтерді» басқару тәжірибесі дамыған, сондай-ақ оффшорлық компанияларды құруды жеңілдететін әр түрлі салық ережелері бар. ХХ ғасырдың 70-80 жылдарындағы Швейцарияның қатысуымен әйгілі болған бірқатар капиталды жылыстату ісінен кейін күшті халықаралық қысымға ұшыраған федералды билік пен Швейцарияның қаржылық реттеушісі банктердің бизнес жүргізу шарттарын кезең-кезеңімен қатайтты: оларға айқын қылмыстық транзакцияларға қарсы іс-қимыл аясындағы кез келген қателіктері үшін қатаң жауапкершілік жүктелді.
Қылмыстық бизнеске жаһандық қарсы тұру мәселесі бұрыннан бар. ХХ ғасырдың 80 жылдары «Үлкен жетілік» және ЭЫДҰ елдері қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың алдын алу бойынша шаралар кешенін әзірлеуге кірісті. 1989 жылдың өзінде G7 бастамасымен ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы – FATF (Financial Action Task Force on Money Laundering) құрылды. Бұл қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (ҚКЗ/ТҚҚ) саласындағы әлемдік стандарттарды әзірлейтін, сондай-ақ мұндай іс-қимылдың ұлттық жүйелерінің осы стандарттарға сәйкестігін бағалайтын үкіметаралық ұйым.
Бүгінгі таңда әлемнің 180-ге жуық елі FATF әзірлеген ҚКЗ/ТҚҚ бойынша ұсыныстарды жүзеге асырады.
2010 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанда «Заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заң өз күшіне енген. Бұл заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы күрес және оның алдын алудың негізгі құралы болып табылатын халықаралық стандарттарды заңнамалық деңгейде енгізуге жасалған алғашқы қадам болды. Халықаралық қауымдастықта бұл халықаралық стандарттар сол кезде «FATF 40+9 ұсыныстары» ретінде белгілі болды.
FATF ҚКЗ/ТҚҚ аясында стандарттарды әзірлеп қана қоймайды, сонымен қатар елдердің осы халықаралық стандарттарға сәйкестігіне өзара бағалау жүргізеді. Әлемдік қаржы жүйесіне қауіп төндіретін елдердің «қара тізімдері», сондай-ақ ҚКЗ/ТҚҚ ұлттық жүйесі жеткіліксіз дамыған елдердің «сұр тізімдері» жарияланады. Егер қандай да бір мемлекетке FATF санкциялары қолданылса, онда оның беделіне нұқсан келіп қана қоймай, сонымен қатар халықаралық транзакцияларды жүргізу кезінде де мәселелер туындайды. Елдің инвестициялық тартымдылығы төмендейді.
2004 жылдан бастап Қазақстан қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) қауымдастырылған мүшесі болып табылады. Ал 2012 жылдың ақпанында ЕАТ туралы үкіметаралық келісім ратификацияланды. Қазақстан Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанмен бірге ЕАТ құрушы елдердің бірі болды.
Қазақстандағы ҚКЗ/ТҚҚ ұлттық жүйесінің халықаралық стандарттарына сәйкестігіне ЕАТ-тің бірінші бағалауы 2010 жылдың қазанынан 2011 жылдың маусымына дейін жүргізілді. Бағалау нәтижесінде Қазақстан стандартты мониторинг режиміне өтті. Бұл ретте елге ҚКЗ/ТҚҚ жүйесін FATF-тың базалық және негізгі ұсынымдарына сәйкестендіру міндеті қойылды. FATF-тың 16 міндетті базалық және негізгі ұсынымдарының 9-ы бойынша Қазақстан «Сәйкес емес» (СЕ) және жартылай сәйкес (ЖС) деген бағаға ие болды.
Ақшаны жылыстатуға қарсы ережелер мен тәсілдер қатайған сайын, мемлекеттер банктер мен басқа да қаржы институттарының қызметіне шектеулер енгізуге мәжбүр. Соңғы жылдары Қазақстан салық органдары мен орталық банктер арасында деректер алмасу мәселелерінде басқа юрисдикциялармен (капиталдар дәстүрлі түрде кетіп отыратын) белсенді түрде ынтымақтаса бастады. Негізінен бұл Еуропа елдері.
Өткен жылы ақшаны жылыстатумен күресетін елдер рейтингінде Қазақстан 245 позицияның ішінде 141-орынға ие болды. Ол кезде елімізде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру және өзге де мүлікті заңдастыру бойынша 56 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Сонымен қатар 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанда ақшаны жылыстату фактілері мен заңсыз жолмен алынған басқа да активтердің саны 55,6%-ға 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда - 42 жағдайға дейін өсті. Келтірілген шығын көлемі 2 есеге – 3 млрд теңгеге дейін өсті. Мемлекетке 2 млрд теңге (жылына +31,6%), азаматтарға 1 млрд теңге, бизнеске 25 млн теңге көлемінде зиян келтірілген.
Сонымен қатар тіркелген құқық бұзушылықтар санының өсуі әрқашан қылмыстың өсуін көрсетпейді деп айтуға болады. Бұл да ақшаны жылыстатуға қарсы күресте мемлекет қолданатын құралдардың жетілдірілгенін көрсетеді.
2022 жылғы қыркүйекте «Астана» халықаралық қаржы орталығында Қазақстан Республикасының ҚКЗ/ТҚҚ ұлттық жүйесі мен АХҚО өзара бағалау жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Қаржы орталығы Қазақстан аумағында дербес юрисдикция болып табылатындықтан, Қазақстан Республикасының ҚКЗ/ТҚҚ туралы Заңына сәйкес оның қатысушылары қаржылық мониторинг субъектілері болып табылады. Қаржы реттеушісі AFSA олардың ҚКЗ/ТҚҚ мәселелері бойынша қолданыстағы АХҚО заңына сәйкестігін бақылайтын орган ретінде тағайындалған. Бүгінгі күні қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл талаптары АХҚО-ның қатысушылары қызметінің әр түрлі салаларын реттейтін 80-нен астам актісінде егжей-тегжейлі көрсетілген.
Бір қызығы, 2022 жылдың жазында ЭЫДҰ «Астана» халықаралық қаржы орталығының салық режимі салық ашықтығының әлемдік стандарттарына сәйкес келетінін мойындаған баяндамасын жариялады. Бұл мойындау АХҚО-ның (демек Қазақстанның) ашықтық, оның ішінде салықтық ашықтықты қамтитын жаһандық стандарттарына сәйкестігін көрсетудегі маңызды қадам болды.
АХҚО ақшаны жылыстатуға қалай қарсы тұрады?
Халықаралық бизнес алаңы ретінде АХҚО FATF стандарттарын қатаң сақтайды.
«Бүгінде дүние жүзіндегі көптеген ұйым бенефициарлық меншіктің ашықтығына ерекше назар аударады. АХҚО өз қызметінің басынан бастап АХҚО арқылы заңсыз қаржы ағындарының бағытын болдырмау үшін түпкілікті бенефициарды ашу ережелерін енгізді. Бизнесті ашық және беделді тәуекелдерсіз жүргізу мүмкіндігі халықаралық компаниялар үшін маңызды», - дейді АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу органы (AFSA) бас директорының орынбасары Гарретт Линг.
АХҚО ҚКЗ/ТҚҚ жүйесінің архитектурасы тәуекелге негізделген бақылау және реттеу моделі болып табылады, оған қорғаныстың негізгі бағыттары кіреді:
1. Тіркеу және рұқсат беру (лицензиялау) сатысында AFSA компанияларды және олардың иелерін тексереді (due diligence), ашық және арнайы ақпарат көздерін пайдалана отырып, бенефициарлық меншік құрылымын зерттейді.
2. Компаниялардың ішкі саясаты мен процедуралары талданады, басшылардың кәсіби сәйкестігі тексеріледі, компаниялардың ҚКЗ/ТҚҚ қызметкерлерімен сұхбаттар жүргізіледі.
3. Компанияларға тиісті тәуекел рейтингтері беріледі және «Тәуекелдерді азайту бағдарламалары» тағайындалады – лицензияға үміткер компанияға қойылатын талаптар және/немесе ұсынымдар тізімі. Оларды міндетті түрде орындағаннан кейін ғана компания АХҚО алаңында толық жұмыс істей алады.
4. Компаниялар қашықтан да, көшпелі жоспарлы немесе жоспардан тыс тексерулер арқылы да тұрақты мониторинг жүргізетін кураторлардың бақылауында болады. Бұл жерде AFSA-ның жеткілікті өкілеттіктерге, соның ішінде тексеру жүргізуге, кез келген ақпаратты ұсынуды талап етуге және АХҚО ҚКЗ/ТҚҚ талаптарын сақтамағаны үшін пропорционал және тежеуші сипаттағы әр түрлі тәртіптік және қаржылық жазаларды қолдануға құқылы екенін атап өту маңызды.
AFSA ҚКЗ/ТҚҚ бөлімшесіне «қорғаныстың екінші желісі» рөлі тағайындалды. «Біз ақшаны жылыстату және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін басқаруға баса назар аудара отырып, кез келген кезеңде қосымша сараптама, қолдау, сондай-ақ мониторинг пен үйлестіруді қамтамасыз етеміз», - дейді Уәлихан Ғұсманов, АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу комитетінің Ақшаны жылыстатуға қарсы күрес департаментінің директоры ( AFSA). «Біздің міндеттерімізге уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу, компаниялар мен олардың бенефициарларына терең аудит жүргізу, салалық тәуекелдерді бағалау және ҚКЗ/ТҚ әр түрлі типологиялары мен схемаларын анықтау кіреді».
АХҚО өзінің фин-технологиялық компанияларын қадағалауға, клиенттер санына, транзакцияларға және анонимділік белгілері бар бизнес үлгілеріне тыйым салуларға әр түрлі шектеулер қоя отырып, жеткілікті консервативті көзқарасты ұстанады. AFSA күрделі транзакцияларды анықтау үшін блокчейн деректері мен транзакция аналитикасының озық шешімдерін пайдаланады, мысалы, Darknet, кеңейтілген анонимділік құралдары, тау-кен өндіру, тәуекелі жоғары цифрлық алмасулар және т.б. Осы шаралардың барлығы АХҚО-ға өз юрисдикциясы арқылы ықтимал ақшаны жылыстатумен белсенді күресуге мүмкіндік береді.
«Ақ жағалылардың» қылмыстары несімен қауіпті?
Ақшаны жылыстату әлемдегі «ақ жағалылар» арасында ең көп таралған қылмыстадың бірі болып саналады. Оларды қауіптілік дәрежесі жоғары қылмыстар санатына жатқызу керек және оның бірқатар себебі бар.
Біріншіден, сыбайлас жемқорлық. FATF сарапшылары сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны мен ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің тиімділігі арасындағы байланысты үнемі атап өтеді. Қарапайым мысал: шенеунік қандай да бір қызметі үшін пара алады. Бұл жағдайда ұсталу ықтималдығы тек 5% құрайды. Ол ақшаны сақтау үшін емес, жұмсау үшін алады. Бұл ретте шенеунік «құқықтық өрісте» болады, яғни декларацияларды ұсынады, өзінің кірістері мен туыстарының кірістері туралы есеп береді. Сондықтан арам жолмен алынған қаржыны жұмсау үшін оны заңдастыру керек. Ақшаны жылыстату арналарына тосқауыл қою арқылы мемлекет сыбайлас жемқорлық қылмыс фактісін мәнісінен айырады. Демек ақшаны жылыстатумен күрес – жемқорлықпен күрес.
Екіншіден, ұйымдасқан қылмыс. Қылмыстық топтардың қызметі көбінесе табыс табуға бағытталған. Сәйкесінше, кейін бұл ақша заңды қаржылық айналымға салынады. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырумен күресу арқылы елімізде ұйымдасқан қылмыспен күрес жүргізілуде.
Үшіншіден, терроризм. Есірткі өндіру мен сатудан түскен табыс, мысалы, әр түрлі топтардың (мәселен Әл-Каида, ДАИШ және т.б.) лаңкестік әрекеттерін жасау үшін пайдаланылады.
Көлеңкелі экономикадағы ойын ережелерін өзгертеміз
Жаһандық экономикада барлық жүріп жатқан экономикалық процеске әсер ететін «лас ақшаның» орасан зор үлесі бар. Көлеңкелі экономика мемлекеттер белгілеген ережелерден алшақ, өз ойын ережелерін қабылдайды. Сондықтан ақшаны жылыстатумен айналысатын ұйымдар кез келген қаржы жүйесіндегі басты проблема болып табылады.
Көбінесе мұндай қылмыстардың себебі арнайы салық режимі болып табылады. Капитал салықтар аз және құқықтық қол сұқпаушылықтың жоғары кепілдіктері бар ыңғайлы жерді іздейді. Ал соңғы фактор Қазақстанның шынайы жағдайы үшін өте маңызды. Әзірге активтер қауіпсіздігінің, меншік құрылымына араласудан қорғаудың ең тиімді кепілі оффшорлық компаниялар болды. Бұл салық жүйесінен емес, көбінесе шешімдері «қолмен жасау» режимінде қабылданатын сот жүйесінен қашу. Тәуелсіз сот пен АХҚО Халықаралық арбитраж орталығы қазақстандық сот төрелігі жүйесіне жақсы балама болып табылады. Бұл органдар еліміздің сот жүйесіне кірмейді. Осылайша, оларға кез келген қысым жасалуы әсте мүмкін емес.
Қалай болғанда да, ақшаны жылыстатумен және тікелей инвестициялардың оффшорға ағылуымен күрес тек қана директивті құбылыс бола алмайды. Процесс бизнес-климатты жүйелі түрде жақсартуды және кәсіпкерлер мен мемлекеттік институттар арасындағы өзара түсіністікті қамтуға тиіс.
Қазақстан бизнеске қолайлы салықтық климат пен экономикалық интеграцияны ұсына отырып, стратегиялық инвестицияларды ескеруі керек. Бұл сондай-ақ бүгінде шетелдік юрисдикцияларда тіркелген және Президент Қ-Ж. Тоқаев атап өткендей АХҚО сайты арқылы Қазақстанға оралуы мүмкін отандық қомпаниялардың редомициляциясына қатысты.