- Басты бет
- Инвестициялар
- ОТАНДЫҚ КӘСІПОРЫНДАРДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДАҒЫ ҚАРЫЗДАР СОҢҒЫ 5 ЖЫЛДА 30 %-ҒА ҚЫСҚАРДЫ
Отандық кәсіпорындарды қаржыландырудағы меншікті капиталдың үлесі 5 жылда 58% – дан 73%-ға дейін өсті. Оған 2017 жылы шетелдік қаржыландырудың 77,4%-ға төмендеуінен туындаған қарыз қаражатының күрт қысқаруы себеп болды. Дегенмен, Қазақстанның инвестициялық саясаты 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша оң динамиканы көрсетті, атап айтқанда резидент еместер тарапынан қарыздар 37,6% деңгейіне жетті. Салыстыру үшін 2018 жылдың ұқсас кезеңінде көрсеткіш 32,8%-ды құрады.
Әлемдік экономиканың жаһандану жағдайында инвестициялар елдің тұрақты экономикалық дамуына қол жеткізу үшін іргелі фактор болып табылады. Соңғы 5 жылда Қазақстанның инвестициялық саясаты негізгі капиталға инвестициялардың орташа жылдық өсуін 12,8% деңгейінде қамтамасыз етті.
Отандық компаниялар қаржылық тұрақтылықты жоспарлы түрде күшейтіп келеді – негізгі капиталға инвестиция көлемі 2018 жылы 11,1 трлн теңгеге жетті, оның 8,1 трлн теңгесі кәсіпорындардың өз қаражатынан тартылды. Яғни кәсіпорындардың инвестициялық қызметін 73% қаржыландыру меншікті активтерден тұрады. Салыстыру үшін 2014 жылы меншікті салымдар инвестициялардың жалпы көлемінің 58% – ын құрады.
2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша капитал салымының көлемі 5,3 трлн теңгені құрады, оның ішінде 4,4 трлн теңге кәсіпорындардың өз қаражатынан тартылды.
Меншікті капитал есебінен жобаларды қаржыландыру өсімінің негізгі себебі соңғы 5 жылда 30% – ға азайған қарыз қаражаты үлесінің қысқаруы болып табылады. Бұл ретте 2017 жылы резидент еместер тараптан бір жыл ішінде қарыздардың 77,4%-ға төмендеуі салдарынан күрт серпін болды.
Қазіргі таңда мемлекеттік саясат шетелдік қарыздардың ахуалын біртіндеп жақсартуды көрсетіп отыр. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша резидент еместер тарапынан қарыз көлемі 101,8 млрд теңгеге жетті, бұл қарыз қаражатының жалпы көлемінің 37,6%-ын құрады. 2018 жылдың дәл осындай кезеңінде көрсеткіш 32,8%-ды құрады.
2019 жылдың бірінші жарты жылдығында елдің инвестициялық тартымдылығын дамыту бойынша Үкіметтің негізгі шараларының ішінде:
- инвестицияларды тарту мәселелері бойынша Үйлестіру Кеңесін құру;
- Премьер-Министр А. Маминді инвесторлармен тиімді өзара іс-қимыл және үйлестіру бойынша инвестициялық омбудсмен етіп тағайындау;
- «Астана» халықаралық қаржы орталығын өңірлік инвестициялық хаб етіп қайта құру;
- құқықтық негізді күшейту, атап айтқанда, Бас прокуратурамен және Жоғарғы Сотпен бірлесіп заңның үстемдігін қамтамасыз ету және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ұсыныстар әзірленді;
- заманауи сандық технологияларды енгізумен визалық және көші-қон режимін жеңілдету.
Нарықтың өзгермелі конъюнктурасы жағдайында отандық компаниялардың даму қарқыны активтерді қосымша ұлғайту мүмкіндіктерінің төмендеуіне байланысты шектелген. 2018 жылдың қорытындысы бойынша капитал салымдарының жалпы көлеміндегі банк секторын кредиттеу үлесі 6,8%-ды құрады (2017 жылы-7,4%). Салыстыру үшін дамыған елдерде бұл көрсеткіш 20% – дан 30% – ға дейін өзгереді.
Капитал салымдарының ең үлкен көлемі өнеркәсіптік секторға түседі. 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Атырау облысына 2,1 трлн теңге тартылды. Одан кейін инвестиция көлемі бойынша Үздік-3 аймаққа Нұр-Сұлтан мен Алматы мегаполистері кіреді, олар тиісінше 359,3 млрд теңге және 331,5 млрд теңге тартты. Аталған өңірлер инвестицияның 53,4%-ын жинақтады.
Қазақстан Үкіметінің кеңейтілген отырысында Премьер-Министр А. Мамин жыл сайын негізгі капиталға инвестиция көлемін орта есеппен 20% – ға арттыру міндетін қойды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 5 жыл ішінде 30 трлн теңге инвестиция тарту қажет. 12,4 трлн теңге сомасындағы жобалар пулы анықталғанын ескере отырып, Үкімет жыл сайын орта есеппен 3 трлн теңге көлеміндегі қосымша инвестиция тартуы қажет.
2019 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жағдай бойынша сыртқы инвестициялар көлемі 1,9 трлн теңгеге жетті.
2025 жылға қарай Қазақстан Үкіметі тікелей шетелдік инвестициялардың жылдық көлемін ағымдағы 24 млрд. АҚШ долларынан 34 млрд. АҚШ долларына дейін арттыруды жоспарлап отыр. Осы міндетті іске асыру үшін 2019 жылғы 30 шілдеде Үкіметтің қаулысымен Қазақстан Республикасына одан әрі инвестицияларды тарту жөніндегі Жол картасы бекітілді. Жол картасы 19 іс-шарадан тұрады.:
- тиісті өзгерістер енгізу жолымен АХҚО құқығын келісімшарттың құқығы ретінде қолдануға және АХҚО немесе ХТО сотының төрелік ескертпесіне қатысты ұсыным сипатындағы ережелерді инвестициялық жобаны іске асыруға арналған модельдік келісімшартқа қосу
- шетел элементімен жасалған және жасалатын барлық келісімшарттар бойынша контрагенттермен АХҚО құқығын шарттардың қолданылатын құқығы ретінде айқындау мәселесін пысықтау және АХҚО немесе ХТО сотының сот (төрелік) ескертпесін басқа шетелдік юрисдикциялардың сот немесе төрелік инстанцияларының орнына пайдалану
- салық салу және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі заң жобасының тұжырымдамасын Ведомствоаралық комиссияға шығару
- АХҚО, «Astana Hub» IT стартаптардың халықаралық технопаркінде, «Астана ЭКСПО-2017″ ҰК» АҚ-да және «Назарбаев Университеті» АҚ-да салықтық жеңілдіктерді біріздендіру мәселесін пысықтау
- даму институттарын тікелей және портфельдік шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі жұмысқа, оның ішінде құзыреттілікті дамыту мен жобалық және венчурлік қаржыландыру құралдарын, капитал нарығын және АХҚО алаңында жеке активтерді басқару құралдарын қолдану арқылы белсенді тарту.
Ұлттық экономиканы дамыту және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері бойынша шетелдік инвесторлармен өзара іс – қимыл құрылған алаң – Шетелдік инвесторлар кеңесі арқылы жүзеге асырылады. Кеңес Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия Даму Банкі, Arcelor Mittal, Baker McKenzie және т. б. 35 ірі трансұлттық шетелдік компаниялар мен халықаралық ұйымдардың басшыларынан тұрады.
Экономиканың көптеген салаларында инвестицияларды қаржыландыруға арналған қаражат жеткіліксіз. Олардың көлемі жеткілікті мөлшерде үлкен емес, бұл ұлттық экономиканың даму қарқынын баяулатады және Қазақстанға әлемдік инвестициялық ағындарға ықпалдасуға мүмкіндік бермейді. Бұл проблеманы инвестицияларды қаржыландыруға арналған қор нарығының әлеуетін пайдалану есебінен шешуге болады.
Қазақстандық қор нарығы Astana International Exchange (AІX) биржасын құрумен бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін жаңа серпін алды. Жұмыс істеген бір жыл ішінде биржа «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ IPO, Қазақстан Үкіметінің еуробондтары мен шетелдік Polymetal эмитентінің акцияларын қоса алғанда, 24 ұйымның бағалы қағаздарының листингін өткізді. AIX әлеуеті таяу болашақта ұлттық өндірісті дамыту және жаңғырту жөніндегі проблеманы шешуде негізгі рөл атқара алады.
2019 жылдың бірінші жартыжылдығында экономиканың өсу қарқынының 2,9% – дан 4,1%-ға дейін үдеуі байқалады. Өсудің негізгі көздері өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда, ауыл шаруашылығы және байланыс сияқты салалар болып табылады. Физикалық көлем индексінің өзгеруіне барынша серпін берген құрылыс саласы – өзгеріс – 11,1%-ды, сауда – 7,5% және көлік – 5,3%-ды құрады.
Дәл осындай кезеңде өнеркәсіп секторы кәсіпорындарының капитал салымдары 3,4 трлн теңгені құрады, бұл ретте өндірілген өнім көлемі 14,3 трлн теңгеге жетті. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда өндірістің нақты өсуі 2,6% (немесе 1,1 трлн теңге) құрады. Республиканың 14 өңірінде ұлғаю байқалады, ал ең үлкен өсім Шымкент қаласында (+25,1%), Шығыс Қазақстан (+12,7%) және Қостанай (+12,3%) облыстарында тіркелді.
Құрылыстағы инвестициялық ағын 52,9 млрд. теңгеге жетті, ал орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 1,4 трлн.теңгені құрады (2018 жылдың осы кезеңінде – 1,3 трлн. теңге). Көтерме және бөлшек саудаға, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеуге 117,4 млрд теңге инвестиция тартылды, ал шығарылған өнім көлемі 16 трлн теңгеге жетті.
2018 жылы 1,3 трлн теңге сомасына 100-ден астам инвестициялық жоба іске қосылды, олар өз кезегінде 13 мыңнан астам жұмыс орнын қамтамасыз етті. Шетелдік капиталдың қатысуымен көлемі 3,1 млрд. АҚШ долларын құрайтын 27 жоба іске асырылды. Сондай-ақ, құны 8,6 млрд. АҚШ долларын құрайтын 39 жобаны инвестициялау туралы шешім қабылданды.
Ең ауқымды жобалардың ішінде Шығыс Қазақстан облысында 133,8 млрд теңге сомаға тау-кен байыту кешенінің, Павлодар облысында 54,1 млрд теңге сомаға теміржол дөңгелектерін шығару кешенінің, Қарағанды облысында 34 млрд теңге сомаға ферроқорытпа зауытының құрылысын атап өтуге болады.
2019 жылы 20 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен қатар 1,1 трлн теңге сомаға 120-ға жуық жобаны енгізу жоспарлануда.