Өткен айдың соңында Нұр–Сұлтан қаласында Astana Finance Days халықаралық конференциясы өтті. Іс-шараның негізгі тақырыбы – тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік және өсу. Спикерлер қаржы нарығын дамытуға қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын айта отырып, реттеушілік режимі мәселелеріне ерекше мән берді.
Пандемия әсерінен жеделдеген жаһандық цифрландыру қаржы және қор нарықтарының өсуі үшін жаңа мүмкіндіктер туғызды. Әлем осы бағытта белсенді дами бастады және жаңа қаржы құралдарын қалыптастырып, дамылсыз өзгеру үстінде. Бұл өзгерістерді негізінен дамыған елдер енгізуде. Алайда бұл құралдардың алдағы онжылдықтарда үлкен сұранысқа ие болатынын түсінген дамушы нарықтар да оларды елге тартуға ұмтылуда. Себебі олар экономиканы сапалы түрде жақсартуға мүмкіндік беретіні сөзсіз – жаңа жұмыс орындарын ашады, кәсіпкерлік секторды нығайтады, банк өнімдерінің баламасына айналады, халықтың әл-ауқатын жақсартады, бюджетті толықтырады.
Елімізге инвестиция ағынын жеделдету, сонымен қатар ұлттық экономиканың өсуіне қажетті жаңа қаржы құралдарын тарту мақсатында Қазақстанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылды. АХҚО негізінде пруденциалдық реттеуді жүзеге асыратын және орталық қатысушыларының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін қаржылық реттеуші – Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (ҚҚҚК) жұмыс істейді. Қазақстандағы бизнесті дамытуда, жаңа қаржы құралдарын енгізуде және қаржы нарығының өсуіне қол жеткізуде ASFA-ның қандай инновациялық және реттеуші шешімдері ықпал ететінін finreview.kz сарапшылары анықтады.
Реттеушілік база дамыған қаржы нарығының негізі болып табылады
Алдымен, қаржы нарығын реттеудің не үшін қажет екенін түсіну маңызды, әсіресе қазір, әлемде сұраныс әсерінен жаңа өнімдер мен қызметтер пайда болып жатқан уақытта.
Қаржы нарығы алаяқтық шабуылдарға әлсіз. Сонымен қатар нарыққа қатысушылардың қателіктерінің құны өте жоғары әрі бизнес, халық және тұтастай алғанда экономика үшін қайтымсыз зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан нарық субъектілерінің қауіпсіз қызметін және мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған реттеушілік жұмыстар жүргізілуі аса қажет.
Әрине оны жүзеге асырудың тетіктері мен ерекшеліктері сан алуан. Бірақ, әдетте, олар қаржы нарығының сол немесе басқа бір сегментінің қызметі туралы заңнаманы әзірлеуге, компаниялардың жұмысының тиісті ережелерін қалыптастыруға, оларға қызметті жүзеге асыруға рұқсат құжаттарын беруге және жұмыстарының заңдылығын қадағалауға қатысты болып табылады.
АХҚО-ға келетін болсақ, мұнда Швейцария, Сингапур, Люксембург және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты әлемнің жетекші жеке капиталды басқару орталықтарының оң тәжірибесіне негізделген қолайлы және сенімді нормативтік база қалыптасқан. Қаржы орталығының басты артықшылығы да осы – оның жалпы ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін реттеу режимі болып табылады.
АХҚО артықшылықтарын түсіне отырып, оның юрисдикциясында өз бизнесін тіркейтін компаниялар көбейіп келеді. Әрине жаңа ойыншылар келген сайын олар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде іске асырғысы келетін жаңа қаржы құралдары пайда болады. Сондықтан, AFSA үнемі осы құралдарды жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық базаны әзірлеумен айналысады. Алдымен, реттеуші ұсынылған құралға қойылатын негізгі талаптарды белгілейді. Әрі қарай ол арнайы әзірленген «реттеуші құм жәшігінде» сыналады, онда оның жұмыс істеуі мен ықтимал тәуекелдерін зерделеу арқылы заңнамалық база қалыптастырылады. Яғни, заңдар теориялық білім негізінде емес, тәжірибе жүзінде дайындалады.
Міне, осылайша, Қазақстанда несиелік және инвестициялық краудфандинг платформалары жұмыс істей бастады, сондай-ақ криптовалюта биржаларының қызметі мен цифрлық активтерді сақтаудың құқықтық негіздері пайда болды.
FinTech Lab «Реттеуші құм жәшігі» тиімді инновациялар таратушысы болып табылады
Елімізде қаржылық технологиялар саласында жаңа өнімдерді игеру олардың ерекшелігіне байланысты айтарлықтай қиын, өйткені олардың сұранысқа ие болатыны алдын ала белгісіз. Сонымен бірге бұл экономикалық тиімді – жаңа технологиялық шешімдер елдегі іскерлік белсенділіктің өсуін ынталандырады және экономиканың нақты секторына қолдау көрсетеді. Мысалы, Шығыс Еуропа елдерінде, АҚШ пен Жапонияда дамыған FinTech нарығының арқасында инновациялардың ЖІӨ-ге үлесі 25%-дан асады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 3 пайыздан төмен.
Елде жаңа қаржы құралдары мен өнімдерін әзірлеуді және енгізуді ынталандыру үшін AFSA FinTech Lab «реттеуші құм жәшігін» іске қосты. Ол компанияларға инновациялық қаржылық қызметтерді сұраныс пен тәуекелге сынау үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тестілеу режимі уақытында компаниялардан АХҚО-ның барлық нормативтік талаптарын орындау талап етілмейді. Керісінше, инновациялық өнімді немесе қызметті енгізу бойынша эксперимент барысында бұған кедергі болуы мүмкін қаржы орталығының қолданыстағы заңнамасы жұмсартылады.
«Реттеуші құм жәшігі» қазірдің өзінде ондаған перспективалық идеяларды жүзеге асырды. Мысалы, қазіргі уақытта криптовалюта нарығының қызметтері құм жәшігінде алты криптобиржасы, бір криптоброкер және токенделген бағалы қағаздардың бір биржасы арқылы тексерілуде.
Басқаша айтқанда, FinTech Lab – тәжірибесі жоқ бағыттарды реттеуші құралын жылдам қалыптастырудың сәтті мысалы. Яғни, нормативтік база әзірленгенше күтуге болады, бірақ бұл әдетте ұзақ процесс, кейде он жылға созылады немесе жаңа бағытты енгізуді қазірден бастап, оны жүзеге асырудан толық пайда алуға болады. Кем дегенде, алдағы бес жылда FinTech индустриясының кейінгі уақыттағы үдемелі дамуының арқасында инновациялардың үлесі ЖІӨ-нің 7%-ына жетуі мүмкін.
Халықаралық келісімдер қаржы нарығын әртүрлі тәуекелдерден қорғаудың кепілі ретінде
Тәжірибе көрсеткендей, сапалы нарықтық инфрақұрылымды құру үшін ақпарат алмасудың тиімді механизмін ұйымдастыру қажет. Өйткені қаржылық реттеу – бұл ақпараттың белсенді алмасуы себебінен тиімділігі арта түсетін өте күрделі және ауқымды сала. Әртүрлі елдердің қаржылық реттеушілері бір-бірімен байланыса отырып, жаһандық нарықтарды әлсіретіп, инвесторлардың оларға деген сеніміне нұқсан келтіруі мүмкін трансшекаралық алаяқтыққа және қаржылық қылмыстардың басқа түрлеріне қарсы тұру құралдарын алады.
Дүниежүзілік қаржы нарықтарын нығайтумен айналысатын негізгі құрылымдардың бірі – Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымы (IOSCO).Ол дүние жүзіндегі бағалы қағаздар нарығын реттеушілерді біріктіреді және оларға халықаралық стандарттарды белгілейді. IOSCO мүшелері 115-тен астам юрисдикциядағы әлемдік бағалы қағаздар нарығының 95%-дан астамын реттейді. Және олардың стандарттары бағалы қағаздар нарығын нормативті қадағалауды қамтамасыз ету, инвесторларды қорғау, әділ, тиімді әрі ашық нарықтарды қолдау және жүйелік тәуекелдерді шешу үшін жаһандық дәйекті тәсілдердің сақталуын қамтамасыз етеді.
IOSCO мүшелері консультациялар, ынтымақтастық және ақпарат алмасу бойынша өзара түсіністік туралы көпжақты меморандумды (MMoU) қабылдады. Құжатта қандай ақпарат алмасу және қандай форматта, оны тарату, мәжбүрлеп беру және пайдалану шарттары қандай екені анықталады. Осылайша, күш біріктіру және ақпарат алмасу арқылы қаржылық алаяқтық тәуекелдері азаяды.
AFSA IOSCO қауымдасқан мүшесі және MMoU меморандумының қатысушысы болып табылады. Бұл бастамаларға қатысу қаржы орталығының толық ашықтығын және жаһандық ұйымдармен өзара әрекеттесуге дайындығын көрсетеді. IOSCO-мен ынтымақтастық сонымен қатар АХҚО реттеуші ортасының жоғары халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайды, бұл өз кезегінде жүйелік тәуекелдердің туындауын азайтады және тұтастай алғанда инвесторлардың юрисдикцияға деген сенімін арттырады.
Ақша жылыстауына және лаңкестікті қаржыландыруға қарсы күрес
AFSA Еуропа мен Азиядағы реттеушілермен қаржылық қадағалау жөніндегі 43 келісімнің қатысушысы болып табылады. Құрылым АХҚО-ға қаржы нарығындағы құқық бұзушылықтармен күресуге мүмкіндік беретін кең ауқымды жаһандық серіктес желісіне ие. Атап айтқанда, халықаралық бизнес алаңы қызметін атқаратын қаржы орталығы ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (FATF) стандарттарын қатаң сақтайды. Дәл солардың стандарттары мен ұсынымдарына сәйкес АХҚО-ның ақшаны жылыстатуға, лаңкестікті қаржыландыруға және санкцияларға қарсы күрес ережелері әзірленді. Бұл стандарттар жаһандық қаржы жүйесін ақшаны жылыстату, лаңкестікті қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруының таралу қаупінен қорғауға бағытталған. Мысалы, АХҚО арқылы заңсыз қаржылық ағындардың өтуіне жол бермеу үшін түпкілікті бенефициарлық меншік иесін анықтау ережелері енгізілді.
АХҚО қатысушыларының қызметтері енді қазақстандықтар үшін қолжетімді
АХҚО қатысушыларының саны өскен сайын Қазақстан юрисдикциясында қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін құжатты әзірлеудің рөлі артты. Ал мұндай келісімге өткен жылы AFSA, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында қол жеткізілген болатын. Құжат «АХҚО-дағы валюталық реттеу және жүргізілетін валюталық операциялар туралы мәліметтерді беру қағидалары» деп аталды, оның шеңберінде Қазақстан резиденттері үшін қолжетімді қаржылық қызметтердің нақты тізімі анықталды. Бұл инвестициялық қорлардың, сақтандыру компанияларының, ислам банктерінің, брокерлік компаниялардың қызметтері, сонымен қатар кәсіби қызметтер – заңгерлік, бухгалтерлік есеп, аудит.
Мәселен қаржы орталығында тіркелген банктер енді Қазақстандағы заңды тұлғаларға несие беріп, ұлттық экономикаға 2 миллиард доллардан астам инвестиция салу жоспарларын жүзеге асыра алады. Ережелер қабылданғанға дейін олар корреспонденттік шоттарды да аша алмайтын.
Реттеуші органдар қол жеткізген келісім елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтып, тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді. Өйткені, қаржылық қызметтер тізбесінің кеңеюі нарықтың нығаюына, инфляция қаупінің азаюына және валютаға қысымның төмендеуіне әсер етеді.
Криптобиржалар қазақстандық банктермен бірлесіп жұмыс істей алады
Astana Finance Days 2022 аясындағы басты оқиғалардың бірі Қазақстандағы банктер мен АХҚО-да тіркелген криптобиржалардың өзара әрекеттесуіне арналған пилоттық жобаның ресми іске қосылуы болды. Тиісті ережелерді криптоиндустрия мен блокчейн технологияларын дамыту шаралары аясында арнайы жұмыс тобы бекітті.
АХҚО-дағы криптобиржалар мен қазақстандық банктердің өзара әрекеттесуі Қазақстанның аймақтық крипто хаб ретінде әлеуетін одан әрі дамыту үшін тиісті нормативтік базаны қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба 2022 жылға дейін пилоттық режимде жұмыс істейді. Оған AFSA цифрлық активтер платформасын басқаруға лицензиясы бар криптобиржалар қатысады.
«Біз барлық күмәнді транзакция бойынша ақпараттың 95%-ын екінші деңгейлі банктерден аламыз. Олар ең көп тартылған қатысушылар және оларда ақшаны жылыстауға қарсы комплаенс жүйесі жақсы құрылған», – деді Қазақстан Республикасы Қаржы мониторинг агенттігінің цифрлық технологиялар бойынша қаржылық мониторинг субъектілерімен жұмыс департаментінің басшысы Ғабит Лесбеков. Ол сондай-ақ пилоттық жобаның криптоиндустрияны одан әрі дамытуға және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға үлкен бетбұрыс беретініне сенім білдірді.
Пилоттық жобаның жағымды жағы – бөлшек және кәсіби инвесторлардың құқықтарын тиісінше қорғауды қамтамасыз ететін реттелетін салада Қазақстанда цифрлық активтермен сауданы ұйымдастыру. Пилоттық жоба сәтті іске асырылған жағдайда ұлттық заңнамаға және АХҚО актілеріне өзгерістер енгізіледі.